368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда 11 мың оқушы аттестациялық емтиханнан өтпей қалған

  • 255
Грузияда 11 мың оқушы аттестациялық емтиханнан өтпей қалған

Грузия елінде 11 мың оқушы аттестациялық емтиханнан сүрінген.

Мамандар мұны білім жүйесіндегі күрделі мәселелермен байланыстырып отыр. Сондықтан олар билікті білім саласындағы реформаны қайта қарастыруға шақырып отыр.

Грузияның білім жүйесінің жағдайы мәз емес. Аталмыш сала бойынша, Грузия халықаралық рейтингте 76 елдің ішінде 59-орында тұр. Зерттеулерге сәйкес, жергілікті жасөспірімдердің сауаттылық деңгейі орташадан төмен. Бастауыш сыныптардағы мәтін мағынасын түсіну мен оны мазмұндау бойынша Грузия әлемнің 45 елінің арасында 37-орынға ие. Осы мәліметтерге сүйеніп, қорытынды емтихандарынан 11 мың оқушы сүрініп қалуы таңқаларлық жағдай емес. Олар үшін математика мен шет тілдері пәні ең күрделі сынақ болды.

Ива Миндадзе, Грузия Ұлттық емтихан орталығы директорының орынбасары:

– Бүкіл ел бойынша мың жарымнан аса орта мектептерде 49 мың оқушы қорытынды емтихан тапсырған болатын. Олардың 11 мыңы аттестатсыз қалды. Яғни әр бесінші түлек ең төменгі деңгейден өте алмай қалған. Мектептің білім жүйесінде шешімін таппаған мәселенің көптігі ешкімге жасырын емес. Бұл мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Ол үшін біз 4 сыныптан бастап оқушылардан емтихан алуымыз қажет. Егер қандай да бір пәннен қиындық туындаса, соған баса назар аударуымыз керек.

Сарапшылардың айтуынша, бұл емтихандар ұлттық оқу жоспарының аз бөлігін ғана қамтып, сынақтан өту үшін көп білімді қажет етпейді. Дегенмен Бірыңғай ұлттық емтихандардың мазмұны мен мектеп оқу бағдарламаларының арасында үлкен айырмашылық болғандықтан, тек кейбірі ғана емтихан тапсыра алады.

Резо Апхазава, «Бәріне арналған білім» одағының мүшесі:

– Емтихан қорытындысы әлі де жақсаруды қажет етеді. Жалпы білім деңгейінде оқушылардың барлығы білімін жетілдірсе, жақсы болар еді. Бұл емтиханда оқушылар жыл бойғы жинаған білімін көрсеткенімен, өзге оқу дағдыларын көрсете алмауы мүмкін. Сондықтан да мен бұл емтихандардың кешенді болғанын қалаймын. Аталмыш мәселе педагогикалық корпусты дамыту, ұлттық оқу жоспарын жіті қайта қарау мен білім саласын көбірек қаржыландыруды талап етеді.

Елдегі білім саласын көбірек қаржыландыру екіталай болып отыр. Жүйесіз реформаға енді білім министрлерінің жиі ауысуы қосылып, бұл мәселені шешуге кедергі келтіріп отыр. Тәуелсіз Грузияның он алтыншы білім министрі Михаил Чхенкели енді лауазымына қайта оралмауы мүмкін. Жақын күндері министрлер кабинетінің жаңа құрамы белгілі болады.

Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Осы категория бойынша: « Қ.Тоқаев: Ағылшын тілін бірінші сыныптан үйретудің қаншалықты қажеті бар? ҰБТ-ның алғашқы күнінде 14 мың түлек тест тапсырды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы