364,44 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік студенттер жатақханаға интернет арқылы орналасып жатыр

  • 176
  • UPD: 20:35, 31.08.2018

Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетінің студенттері онлайн режим арқылы жатақханаға орналасып жатыр.

Университет «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйе енгізді. Енді студенттер басқа қалада отырып, жатақхана кезегіне тұра алады. Автоматтандырылған модуль жатын орындарды да өзі бөледі.

Ауылдан келген Айдана жатақханаға орналасып жатыр. Екінші курс студенті биыл орынды оңай алғанын айтады. Өткен жылы пайдалануға берілген студенттер үйінен 1 орын бұйырыпты. Былтыр ескі жатақханада тұрған. Оның өзіне 2 күн кезекте тұрып, әрең қол жеткізіпті. Түрлі анықтама әкеліп, әуре болғанын айтады. Ал, биыл электрондық кезекке тіркеліп, дайын құжатымен келіп тұр.

Айдана Сегізбаева, М.Оспанов атындағы БҚММУ студенті:

- Әркімнің өзінің жеке логин, паролі болады. Сол арқылы өзіміздің жеке кабинетімізге кіріп, өтініш бердік. Содан барлық бөлмелерді тегін қарап отырып, орналасқан келген қабаттан, бөлме таңдайсың. Қасыңа орналасатын адамды да еркін таңдауға болады.

Көркем Төртқара, М. Оспанов атындағы БҚММУ студенті:

- Қызылорда облысы Қазалы ауданынан келіп отырмын. Мемлекеттік медицина университетінің студентімін. Алдыңғы жылға қарағанда биыл жатақхана алу оңайға соқты. Және де осы Ақтөбеде оқу менің бұрыннан арманым еді.

«Сириус» бағдарламасын студенттер «электронды журнал» деп атайды. Электронды-цифрлық қолтаңбасы бар студенттер жатақхананы онлайн режимде алды. Мұның тағы бір тиімділігі - арада дәнекер болмайды, автоматты жүйе орынды өзі үлестіреді. Дәрігерлер даярлайтын университете 5 жатақхана бар. 5 мыңнан астам студенттің 80 пайызы жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Әсіресе бірінші курс студенттері толықтай жатақханаға орналастырылады. 

Алтын Асқарова, жатақхана коменданты:

- Біздің жатақхана 1000 орынға арналған. Ғимарат 4 блоктан тұрады. Студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Кітапхана, асхана бәрі бар. Қазір кезек бойынша студенттерді қабылдап жатырмыз. Көбі электронды кезекке тұрғандар. Жетім балаларға орын тегін беріледі.

Арнайы модуль 6 бағыт бойынша жұмыс істейді. Электрондық жүйе арқылы «бір терезе» қағидатымен кез келген құжатты алуға болады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Осы категория бойынша: « Елімізде психологтардың біліктілігін арттыру бағдарламасы жемісін берді Атырау облысындағы мектепте ұстаздық етуді қалайтын жастарға баспана беріледі »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы