366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Иран арасындағы әдеби байланыс жандана түспек

  • 196
  • UPD: 10:48, 21.09.2018

Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы әдеби байланыс жандана түспек.

Бүгін «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумның екінші күні қол қойылатын екеуара ынтымақтастық меморандумы осыған негіз болады. Келісім нәтижесінде бауырлас елдердің ақын жазушыларына екіжақты сапар ұйымдастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ қазақ қаламгерлерінің шығармалары парсы тіліне аударылып, осылайша, отандық әдебиет ирандық оқырмандарға таныстырылмақ.

Қазақстан жазушылар одағы ұйытқы болған әдеби форумның мақсаты биік. Мәселен ауқымды жиын соңында жазба мәдениеті тарих тереңінен бастау алатын парсы әдебиетінің отаны – қазіргі Иран Ислам Республикасымен ынтымақтастық келісіміне қол қойылмақ. Осылайша, Қазақстан мен Иранның ақын-жазушылары, әсіресе, жас қаламгерлері өзара тәжірибе алмасуға, оқырмандарының санын арттыруға мүмкіндік алады.

Сейед Ахмади, жазушы (Иран):

- Біздің негізгі мақсатымыз – ирандық оқырманға қазақ әдебиетін таныстыру. Классикалық және заманауи жанрлар да парсы тіліне аударылуы мүмкін. Өйткені парсы тілі тек Иранда ғана емес, Ауғанстан, Тәжікстан сынды көршілес елдерде де кеңінен қолданылады. Түркітілдес елдер арасында түркиялық жазушылардың шығармалары мен өлеңдері Иранда үлкен сұранысқа ие. Қазақ жазушылары да болашақта иран оқырмандары арасында танымал болады деген ойдамын.

Белгілі жазушы Сейед Джавад Ахмадидің айтуынша, қазақ әдебиетін Иранда таныту үшін балалар әдебиетінен бастаған жөн. «Сондықтан бірінші кезекте кітаптарды парсы тіліне аудару жұмыстары балғындарға арнап ертегі жазатын жазушылардан бастау алмақ», - дейді Ахмади.

Сейед Джавад Ахмади, жазушы (Иран):

- Белгілі бір елдің әдебиетімен бала кезінен таныс болған жас оқырман есейгенде де сол жазба мәдениетіне жататын қаламгерлердің еңбектерін іздеп оқитын болады. Түркия мен Әзірбайжан елдерімен әдеби байланыс жолға қойылған, алайда түркі әлемінде халқы ең көне тілде жазатын қазақ жазушыларын неліктен біз танымаймыз деген ойға келдім. Осылайша, әдеби әділдікке қол жеткізуге болатын сияқты.

Әр елдегі әдебиет әр түрлі болғанымен, жазушылар алдында кездесетін мәселелер ортақ. «Сұраныстың көп болмауы, қаржылық тапшылық, саяси кедергілер», - дейді «Ғаламшар аңшылары» атты белгілі кітаптың авторы Нора Майорош.

Нора Майорош, балалар жазушысы (Венгрия):

- Мен балалар жазушысымын. Әдетте кішкентай бүлдіршіндерге арналған шығармалар жалпы әдебиет деген ұғымның азғантай ғана бөлігіне жатады десек болады. Дегенмен, аталған жанрдың маңызы одан кеми түспейді. Көбіне жазушылар ересектер үшін өзекті тақырыптарды таңдайды. Өйткені аталған оқырмандардың кітап сатып алу мүмкіндіктері бар. Сол арқылы заманауи қаламгерлер қысқа уақыт ішінде қомақты қаржыға ие болғысы келеді. Балалар жазушыларының әлемде көп еместігі де сондықтан.

Венгриялық жазушының айтуынша, қазақстандық қаламгерлер бірінші кезекте туған тілінде қызықты шығарма оқуға ынтық оқырмандар үшін жазу керек. Ал еңбекті шетел тілдеріне аудару халық арасында үлкен сұранысқа ие болған кітаптар үшін қажет. Осы және өзге де тақырыптар бүгін секциялық отырыстарда талқыланбақ.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Дайыров 

Хабар 24 телеарнасы