389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде оқушылар арасында IT чемпионат өтті

  • 726
  • UPD: 15:11, 29.03.2019

Өскеменде 3D модельдеу, бағдарлама жасау және роботтандырылған техника бағыты бойынша оқушылар арасында облыстық чемпионат өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оған алыс-жақын аудандардан жалпы саны 256 оқушы қатысты. «Бұндай кешенді жарыс ұйымдастырудағы негізгі мақсат – өңірде қарқынды ашылып жатқан IT сыныптардың білім сапасын анықтау», – дейді мамандар.

Ернияз Ержанов сайысқа Жарма ауданынан келіпті. Мектебінде IT сынып ашылғанда қуанғандардың бірі осы Ержан. Робот құрастыру жанына жақын жеткіншек үнемі бос уақытын сол сыныпта өткізетін болған. Ақыры аудандық іріктеуден өтіп, облыстық чемпионаттың қақ төрінен шықты.Кегельрингтен бақ сынады.

Ернияз Ержанов, чемпионатқа қатысушы:

- Маған робот құрастырған қатты ұнайды, бұл роботты 3 күн құрастырдым, ең қиыны бағдарлама құрастыру болды, роботты құрастыру жеңілірек, ал программаны ұру өте көп уақыт алды.

Бұл сайыс IT-сыныптардың оқушылар үшін қаншалықты маңызды екенін байқатады. Сонымен қатар балалардың ынта-ықыласын бір екшелеп бермек. «Болашақта қандай кәсіп иесі боларына да түрткі болады», – дейді мамандар. 

Сергей  Коваленко, «ШҚ өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының» директоры: 

- Аудандық іріктеу кезеңіне қатысқан балалар саны 2 мыңнан асып кетті. Яғни ауылдық жерлерде ақпараттық технологияға деген қызығушылық өте жоғары. Дарынды балалар өте көп. Ең бастысы, оқушыларға керемет ұнайды. Сондай-ақ бүгін осы чемпитонатта құрастырып жатқан бағдарламалары кейін олардың мамандығына айналуым үмкін, яғни ІТ-сыныптар  оларға кәсіби бағыт береді.

Айта кету керек, облыста бүгінгі күні 277 толық кешенді мектеп IT-сыныптармен жабдықталған. Енді ауыл-аймақтағы шағын мектептер де осындай игілікке қол жеткізеді. Мәселен, жақында Ұлан ауданындағы Базылбек Ахметов атындағы білім ордасында ақпарттық технологияның негізіне баулитын кабинет ашылды. Бұл әсіресе жоғары сынып оқушылары үшін таптырмас мүмкіндік болды. Өйткені олар болашақ мамандықтарын цифрлы технологияға тәуелді деп санайды.

Борис Фалин мектеп мұғалімі:

- Бұл сыныптар ашылған кезде оқушылардың қалай қуанғанын көрсеңіз ғой. Барлығының көздері жайнап, осы жерден шықпайтын болды. Бәрі де бірдеме үйренгісі келіп, үлкен талпыныстарын білдіруде.

Жалпы, биыл аймақта 378 шағын комплектілі мектеп IT және роботты техника сыныптарымен жабдықталмақ. Қазірдің өзінде  тек компьютер және актив-панельдер алу үшін облыс бюджетінен 900 миллион теңге бөлінген.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы