387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысындағы мектептерде мұғалім тапшы

  • 176
  • UPD: 14:35, 21.08.2019

Ақтөбе облысындағы мектептерге 265 мұғалім қажет. Мамандардың жетіспеушілігі әсіресе, орыс тілінде оқытатын білім ошақтарында сезіліп отыр.

Мәселенің шешімін табу үшін жыл сайын жергілікті бюджет есебінен жүздеген грант бөлінеді. Алайда ұстаздық қызметті таңдайтын талапкерлер аз болып тұр. Осы ретте кейбір пәндер бойынша зейнеткерлік жасқа жеткен тәжірибелі мұғалімдермен келісім-шарт жасау ісі жолға қойылған.

Жанат Суентаеваның зейнеткерлікке шықса да ұстаздық қызметін жалғастырып жатқанына үш жылға жуықтады. Себебі өзі секілді орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін басқа маман табылмай тұр. Сондықтан да талапқа сай уақытылы біліктілік курстарынан өтіп келеді. 40 жылдан астам еңбек өтілі бар мұғалімді мектеп әкімшілігінің де жібергісі жоқ. Себебі талай пән олимпиадаларының жүлдегерлерін дайындап, білім ұясының беделін арттыруға қомақты үлес қосты.         

Жанат Суентаева, орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Қазір жаңартылған мазмұн бойынша мен де курстан өттім. Басқа мұғалімдер құсап. Қазір орыс тілі пәнінің мұғалімдері, біздер сегіз адамбыз, бәрі де сол курстан өтіп жаңаша жұмыс жасап жатырмыз. Оның қиындығы да, қызығы да бар. Сондықтан тек қарап отыруға болмайды, тек алға ұмтылу керек. Менің ойымша, жастар келгісі келмейді. Себебі оларда бір қорқыныш бар сияқты. Жұмысы көп деп ойлайды. Қиыншылықтан қашады деп ойлаймын. Ал біздің болашағымыз жастар емес пе? Сол сол қиыншылықты жеңе білу керек.

Ұлағатты ұстаз қызмет ететін №24 мектеп-гимназиясы тілдерді тереңдетіп оқытатын өңірдегі үлгілі білім ұяларының бірі. Тиісті стандартқа сай келетін оқытушылар құрамынан ешкім кездейсоқ кеткен емес. Дегенмен, былтырдан бері мамандарға қажеттілік туындады. Қазірдің өзінде 6 мұғалімге орын бар.   

Ғазиза Матенова,  №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда 6 мұғалімге жұмыс беріп отырмыз. Қалалық білім бөліміне және облыстық жұмыспен қамту орталығына сұраныс берілді. Бұған дейінгі жәрмеңкелерге де қатыстық. Дегенмен, осы 20-сынан кейін осы мамандарды күтіп отырмыз. қалалық білім бөлімінің айтуы бойынша биылғы жастар жылына байланысты, жас мұғалімдерді қамтимыз деп міндетке алып отырмыз. Жалпы мектебімізде 95 мұғалімнің үштен екісі жастар.

Жалпылай алғанда, өңірдегі мектептерге 260-тан астам мұғалім қажет. Негізінен, бастауыш сынып, ағылшын тілі, математика, физика, химия, информатика және өзге де пән оқытушыларына сұраныс бар. Бұл мәселеге орай, бүгінде кешенді шара қолға алынған.  

Гүлназ Сүлейменова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздер ЖОО тығыз байланыстамыз және Ақтөбе гуманитарлық колледжімен де тығыз жұмыс атқарамыз. Сонымен қатар шағын жинақты мектептердегі кадр тапшылығын бір қайта даярлау курстарын ұйымдастыруменен атқарамыз. ЖОО-да алдыңғы жылдардан бастап, қосарланған факультеттер ашып,  студент бітірген кезде міндетті түрде екі пәннің мұғалімі болып шығады.

Мектептердегі кадр тапшылығын жою үшін жергілікті бюджет есебінен соңғы екі жылда 200 гранттан бөлінген. Оған қоса, биыл 100-ден аса атаулы әлеуметтік көмек алатын және көп балалы отбасының балалары үшін тегін педагогикалық білім алуға мүмкіндік беріліп отыр. Ал, орыс тілінде дәріс беретін мамандар жетіспеушілігін жою үшін әзірге зейнеткер-ұстаздардың көмегі тартылмақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы