389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да имамдар аттестациядан өтіп жатыр

  • 182
  • UPD: 12:33, 26.09.2019
СҚО-да имамдар аттестациядан өтіп жатыр muslim.kz

Солтүстік Қазақстан облысының имамдарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы құрылған комиссиясы аттестациядан өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері Қызылжар орталық мешітінде облыстың 100-ге жуық имамнан сынақ алады.

Мақсат – дін қызметкерлерінің білімін арттыру. Бес жылда бір рет өтетін аттестацияны өткізуге Петропавлға бас мүфтидің кеңесшісі Балтабай Мекежанов келді.

«Дін қызметкерлерінің қазіргі атқарып отырған қызметіне лайықтылығын, білім деңгейінің көрсеткішін анықтамақпыз. Кемшін тұстары болса оны жоюға көмектесеміз, білімдерін жетілдіру үшін арнайы оқу орындарына жібереміз. Аттестациядан сүрінбей өткен тәжірибелі имамдарды ынталандырып, жоғарылату мақсатында басқа лауазымдарға ауыстырамыз», – дейді Балтабай Мекежанов.

Имамдардың ҚР Конституциясы, ислам тарихы, фиқһ, ақида, ҚМДБ-ның басты 4 құжаты бойынша білімдері сараланады. Биылғы ерекшелігі – дін қызметкерлері компьютер арқылы да аттестациядан өтеді.

«Заман дамып келе жатыр, сондықтан да тек діни біліммен шектеліп қана қоймай, зайырлы білімді де алуға ынталандырамыз. Оған жөн сілтейміз. Имамдарымыз жан-жақты болуы тиіс. Биылғы аттестацияның ерекшелігі имамдарымыз тест тапсырады. 60 сұраққа жауап береді», –деді бас мүфтидің кеңесшісі. СҚО-да қазіргі уақытта 70-ке жуық мешіт бар болса, онда 100-ден астам имам еңбек етіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы