412,10 452,40 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада ЖОО оқу ақысын төлей алмай отырған студенттерге жеңілдік жасалды

  • 93
  • UPD: 10:35, 15.05.2020
Елордада ЖОО оқу ақысын төлей алмай отырған студенттерге жеңілдік жасалды

Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты басқармасы карантин кезінде ЖОО оқу ақысын төлей алмай отырған студенттердің мәселесін шешуге көмектесті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінгі күні астанада 1319 университет бітіруші студент оқу ақысын төлей алмай отыр.

«Бұл мәселені шешу үшін ЖОО басшыларымен бірлесе, оқу ақысын төлей алмаған 4 курс студенттерінің төлем мерзімдерін маусым айына дейін ұзартуға келістік», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек.

Оның айтуынша, университеттерде әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге жеңілдіктер жасалады. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 114 студентіне жеңілдік беріледі. Технология және бизнес университеті 72, ҚазГЗУ 29 және «Тұран-Астана» университеті 15 студентке жеңілдік жасаған. 

Бұған қоса елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы шет елде білім алатын (Варшава – 85, Мәскеу – 149) 234 студентті Нұр-Сұлтан қаласында күтіп алу, оларды қонақ үйлерге жайғастыру және басқа өңірлерге жөнелту жұмыстарын жүргізді. 

Сонымен қатар басқарма Қазақстанның өзге аймақтарына шет елдерден (Кипр – 1, Ресей –37, Болгария – 2, Польша – 42 , Нидерланды – 16, Таиланд – 4 және Біріккен Араб Әмірліктерінен  – 14) ұшып келген 116 студентті елордаға арнайы автокөліктермен алып келуді ұйымдастырды.

Еске сала кетейік, басқарма елорданың волонтерлік штабының жұмысын үйлестіріп отыр. Қазіргі таңда белсенді 1300 волонтер короновирусқа қарсы күреске өз үлестерін қосуда. Еріктілер аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жеткізіп, блокпосттарда жұмысқа асталысып жүр. Қалалық волонтерлер штабы 15 наурыздан бастап бүгінге дейін «Birgemiz» қорымен бірге  қалада 2 млн медициналық маска таратты.

Хабар 24 телеарнасы