423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР БҒМ: Онлайн оқытуда олқылық болмайды

  • 272
  • UPD: 18:37, 04.08.2020

Еліміздің мектептерінде биыл алғашқы қоңырау онлайн түрде соғылады, хабарлайды «Хабар 24».

Жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу үшін Білім және ғылым министрлігі осындай шешім қабылдады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Асхат Аймағамбетов айтты. Жиын барысында сала басшысы жаңа оқу жылының ерекшеліктеріне тоқталды.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Еліміздегі оқушылардың 80%-і, нақтырақ айтсақ, 2 миллион 600 мың бала 1 қыркүйектен бастап компьютер мен теледидарға телміреді. Оларды сапалы, мазмұнды дүниемен қамту оңай емес. Министрдің айтуынша, осыншама оқушыға қашықтан білім берудің тиімді жолдарының бірі – телесабақтар дайындау. Осыған дейін 6 мың онлайн-дәріс әзірленіпті.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Теледидар сабақтары «Әл-Фараби» мен «Ел Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса, барлық телесабақтар интернетте орналастырылып, барлық оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады.

Министр атаған екі арна 604 елді мекенде көрсетпейді екен. Алайда, оның жартысында мектепке баратын оқушы жоқ көрінеді. Ал, қалғандарында бұл мәселе телесабақтарды жергілікті телеарналардан көрсету және спутниктік антенна орнату арқылы шешілмек. Жалпы онлайн оқытудағы қиындық жалғыз мұнымен шектелмейді. Шалғайдағы ауылдарды айтпағанның өзінде кей аудан орталықтарында интернеттің жылдамдығы төмен екенін төтенше жағдай көрсетіп берді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин бұл мәселені шешу үшін Үкіметтен қосымша қаражат сұрады.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы:

- Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында талдау жасалды. Оның негізінде қосымша антенналық құрылыстар орнатылуы керек нақты орындарды айқындадық. Бұл тұрғыда жер телімдері нақты көрсетіліп отыр. Осы мәселеге байланысты жер телімдерін бөлу мен электр энергиясын тартуға қатысты әкімдіктерге тиісті тапсырма беруіңізді сұраймыз. Бұл жұмыстардың нәтижесінде байланыс сапасы нашар аумақтардың проблемасын шешеміз.

Төтенше жағдай кезінде әлеуметтің әлсіз тобына жататын отбасылардың баласын оқыта алмай қиналғаны байқалды. Жиында Премьер-министр Асқар Мамин бұл жағдай қайталанбас үшін Үкіметтің 500 мың компьютер бөлетінін айтты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Әкімдіктер компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесін жергілікті деңгейде қосымша пысықтасын. Оқулықтар 25 тамызға дейін берілсін. Қосымша оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінің электронды нұсқалары болуы тиіс. Оларды ашық қолжетімділікте орналастыру тиіс.

Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында оқушылардың басым көпшілігі қашықтан оқиды. Ал, министрлік оқытудың аралас және дәстүрлі форматына елдегі ахуалға байланысты біртіндеп көшуді жоспарлап отыр.

Хабар 24 телеарнасы