429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында шалғай ауылдағы мектептерде сабақ дәстүрлі түрде өтеді

  • 284
  • UPD: 14:14, 14.08.2020

Биыл Түркістан облысында оқушылардың 90 проценттен астамы қашықтан оқыту форматында білім алады. Ал бала саны 180-нен аспайтын шалғайдағы шағын мектептерде дәстүрлі түрде оқытуға рұқсат беріліп отыр.

Биыл 1-сыныпқа баратын балалардың жағдайы қалай болмақ? Оқушылар мен мұғалімдер қашықтан оқуға дайын ба? Интернет сапасы, компьютерлік техника жеткілікті ме? Кітап қалай таратылады?

Кішкентай Кәусар биыл 1-сыныпқа барады. Алайда эпидемиологиялық ахуал балалардың жаңа оқу жылында мектепке баруына кері әсерін тигізіп отыр. Бірақ мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге оны қалай түсіндіресіз? Кәусар да, оның ата-анасы да тұңғыштарының мектепке барып, білім алғанын қалайды.

Кәусар Байзақова

- Менің жасым 6-да. Мен дайындық сыныбында оқыдым. Мен 1-сыныпқа барғым келеді. Достарым және апайыммен танысқым келеді. Қызықты күндерім мектепте өтсе деп қалаймын.

Зәуре Байзақова, ата-ана:

- 1-сыныптың ата-анасы ретінде кезекші топтың ұйымдастырылғанын қалаймын. Қанша дегенмен баланың партада отырып, ұстазды сезініп, оқуды-жазуды үйренгені жақсы. Әрине санитарлық талап сақталса, өйткені денсаулықтың маңызды екенін ұмытпауымыз керек.

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Мәдіханқызы биыл Білім және ғылым министрлігі ата-аналардың өтініші бойынша жаңа оқу жылында бастауыш сынып оқушыларын дәстүрлі түрде оқыту үшін кезекті топтарды ұйымдастыруға рұқсат бергенін айтады. Демек, бастауыш сынып оқушылары жаңа оқу жылында атын ұя мектептерінде білім алады.

Ардақ Садықова, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Оның да ерекшеліктері бар. Ата-аналардың өтініші негізінде құрылады. Әр топта 15 баладан кем болмау керек. Мектептің бәрі бос тұрғаннан кейін бастауыш сыныптарды топ-топқа бөліп, оқыту жүйесі жасалып жатыр.

Сондай-ақ осы аптадан бастап санитарлық талаптарды сақтай отырып, облыс мектептерінде оқулықтарды тарату науқаны басталды. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар.

Ақтолқын Жолдасова, ата-ана:

- Бүгін мектепке ата-аналарды сынып жетекшіміз шақырғандықтан біз кітап алуға келдік. Менің балдарым 2 және 5-сыныпта оқиды. Кітаптарды толығымен алдым. Жаңа екен.

Салтанат Мырзабекова, кітапхана меңгерушісі:

- Сақтық шараларын сақтай отырып, кітап таратылып жатыр. Кеше 1-сынып пен 4-сынып аралығында таратылды. Бүгін 5 пен 6-сыныпқа тарқатып болдық. Бұны сынып жетекшілерін шақыра отырып ұйымдастырдық. Кітап қоры жеткілікті. Биыл тек 11-сыныпқа кітапқа тапсырыс бердік, соны ғана аламыз.

Жалпы Түркістан облысындағы 910 мектепте 500 мыңнан астам бала оқиды. Ал аладағы жаңа оқу жылында солардың 92 пайызы, яғни 57 157 оқушы қашықтықтан оқыту форматында білім алады. Алайда өңірдегі 838 елді мекеннің 131-де әлі күнге интернет желісі жоқ. Ал мұғалімдер мен оқушылар үй жағдайында қашықтан оқытудың бірыңғай электронды форматында білім алу үшін оларға компьютерлік құрылғылар мен интернет желісі қолжетімді болуы қажет.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Бүгінгі таңда 49 мыңнан астам аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылардың компьютерлік техникасы жоқ. Ол үшін жергілікті бюджет есебінен 3 мыңға жуық компьютер сатып алынса, республикалық бюджет есебінен 57 мыңнан астам компьютер сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы саны 84 мың 143 компьютерлік техника аз қамтылған отбасынан шыққан балалар мен ұстаздарға қашықтықтан оқыту кезінде пайдалану үшін уақытша беріледі.

Жергілікті билік жаңа оқу жылына дейін интернет мәселесін шешеміз деп отыр. Ал өңірдегі бала саны 180-нен аспайтын шалғайда орналасқан 139  шағын мектептегі 12 мыңнан аса бала санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі оқыту жүйесімен білім алатын болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы