420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы шалғай ауыл мектептеріндегі оқу процесі қалай жүріп жатыр?

  • 131
  • UPD: 15:51, 11.09.2020

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының шалғай ауыл мектептерінің басым көпшілігі қалыпты тәртіппен оқып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Тек 180 оқушыға дейінгі шағын жинақты білім ордаларында сақтық шаралары қатаң орындалуы тиіс. Қазір аудандағы 6500 баланың жартысы мектепке келіп жүрсе, қалғаны онлайн оқып жатыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Зайсан ауданының шалғай ауылдарында интернет жылдамдығы төмендеу екені жасырын емес. Дегенмен, ол елді мекендердің бәрінде шағын жинақтағы мектептер болғандықтан, оқушылар сабаққа бұрынғыша барып жүр. Үлкен Қаратал ауылындағы Қазақстан мектебіндегі 170 шәкірт жаңа тәртіпке тез үйреніп, сақтық шараларын бұзбай жүр екен.

Балжан Бақытханова, 11-сынып оқушысы:

- Төртінші тоқсан онлайн өтті, сол кезде мектебімізді, ұстаздарымызды, достарымызды өте қатты сағындық. Осы қазіргі таңда санитарлық ережелерді сақтай отырып, мектепте оқып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бірден үйреніп алдық, ешқандай қиындығы жоқ. Маскамызды тастамаймыз, өйткені ол біздің өз денсаулығымыз үшін қажет.

3 мыңға жуық оқушы онлайн білім алып жатыр. «Ұстаздар мен шәкірттердің сапалы сабақ өткізуі үшін барлық жағдайларды қарастырып жатырмыз», - дейді білім бөліміндегілер. Ал ата-аналардың өтініші бойынша ашылған кезекші сыныптарда ара қашықтық сақтауға ерекше көңіл бөлінген.

Жанат Байсаринова, Зайсан аудандық білім бөлімі басшысының м. а.:

- Қашықтан оқитын балалардың ішінде 671 аз қамтылған отбасының баласы бар. Оларға мектептің балансындағы ноутбуктер берілді. Енді бізде міндетті білім беру қорынан үнемделген қаражатқа қазіргі кезде ноутбук сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонда барлығы толығымен қамтамасыз етіледі деп есептеп отырмыз.

Ауданда 27 мектеп бар. Олардың 17-сінде білім үрдісі бұрынғыша жалғасып жатыр. Бетперде, тазалық жабдықтарын сатып алуға жергілікті қазынадан 12 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініпті.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы