387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өз кәсібіңізді ашқыңыз келсе...

  • 241
  • UPD: 11:49, 12.09.2019
Өз кәсібіңізді ашқыңыз келсе... okg.kz

Елімізде жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелеткісі келетіндер қатары жыл сайын артып келеді.

Бизнесті қалай және неден бастау керек? Алғашқы қаржыны қайдан алуға болады? Осындай сұрақтармен әрбір жас кәсіпкердің бас қатырары анық.

Осы орайда мемлекетте шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарлама жүзеге асырылуда. Соның бірі кәсібін ашқысы келетіндерге арналған «Бастау» жобасына қатысу үшін өтініштер қабылдау үздіксіз жүріп жатыр. Жобаға 18 жастан асқан жұмыссыз азаматтар және мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ өз кәсібін ашқанына 3 жылдан аспаған жас кәсіпкерлер де қатыса алады. Бұл жоба 2017 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен құрылған.

«Бастау» жобасы жүзеге асқаннан бастап 60 мыңға жуық адам оқуға қатысты, 15 мыңнан астам жеке өндіріс құрылды, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды», – деді Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Бауыржан Оразғалиев.

Жобаға қатысушылар 20 күн көлемінде кәсіпкерлік негіздеріне қатысты білім алып, арнайы сертификаттар алып шығады. Сондай-ақ 16 759 теңге стипендиямен қамтамасыз етіледі. Қатысушылар біліктіліктерін жетілдірумен қатар өздерінің бизнес жоспарларын әзірлейді. Бизнес жоспары сәтті шыққан 29 жасқа толмаған үміткерлердің – 505 000 теңге, ал 29 жастан асқан азаматтарға 250 мың теңге қайтарымсыз несие ұтып алуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ 6% жеңілдікпен 6,5 жылға 8000 АЕК көлемінде несие беріледі.

Сонымен қатар жоба тарапынан кәсіпкерлерге кәсібін іске асыруға көмектесу мақсатында бір жыл қолдау көрсетіледі.

«Бастау» қатысушыларының 70%-дан астамы ауыл шаруашылығы саласында, қалғаны – қызмет көрсету саласына бағыт алған, мысалы, машина жөндеу бекеттері, сән салондары, шағын жылыжайлар және т.б. Жалпы, бизнес ашу бағытында барлық өңірлер белсенді. Әсіресе оңтүстік аймақтары, үш ірі қаламыз – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары белсенділік танытуда», – деді Б.Оразғалиев.

«Бастау» жобасына қатысу үшін жұмыспен қамту орталығына немесе кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалына мекенжай анықтамалығы мен жеке куәлігін алып бару арқылы немесе qoldau.atameken.kz сайтынан тіркелу арқылы өтініш беріледі.

Сонымен қатар өткен жылы  жас кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған «Жас кәсіпкер» пилоттық білім беру жобасы іске қосылған болатын. Жобаға қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жылына 6 пайыздық жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады. Жобаға жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назабаев Үкіметке 2019-2020 жылдарға 32 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын. Қолға алынған шаралар арқылы үш жыл ішінде 300 мың жас азамат бизнес негіздеріне оқып, 80 мыңнан астамы жеке кәсіп аша алады.

Авторы: Д.Доспан

Хабар 24 телеарнасы