420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаңажылдық салатқа қанша теңге жұмсалады?

  • 186
  • UPD: 21:24, 30.12.2020

Ақтаудағы базарлар мен дүкендерде, қарбаласқан адам көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар жаңажылдық дастарханға азық-түлік алуға кіріскен. Жұрт кей сауда орындарында бірқатар өнім бағасы көтерілгенін айтады. Әсіресе, жұмыртқа 5-7 теңгеге қымбаттаған. Арна тілшілері жаңажылдық дастархан мәзірін есептеп, дүкендерді аралап шықты.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- «Оливье» салатын дайындау үшін 10 түрлі зат керек. Дүкенге келердің алдында ұмытып қалмау үшін мен тізім жазып алдым. Мәселен, маринадталған қияр, картоп, сәбіз, майонез және ең маңыздысы, жұмыртқа алайын.

Алты адамнан тұратын отбасына дайындалатын бір салат бағасы 2000 теңгеге шықты. Жаңажылдық дастарханға салаттан өзге тәттілер мен жеміс-жидек керек. Қазақпыз ғой, асатын етіміз тағы бар. Дүкенге келген қыз-келіншектер азық-түлік бағасының көтерілгенін айтады.

Гүлназ Шанбаева, қала тұрғыны:

- Жұмыртқаның бағасы 40 теңге еді, 50 теңгеге қымбаттады.

Елена Заболоцкая, қала тұрғыны:

- Жаңа жылға мен жыл сайынғы дәстүр бойынша тауық етін әзірлеймін. Және алма, мандарин, банан алуға келдім. Кеше ғана бағалары төмен еді. Бүгін көтеріліп кетіпті. Жаңа жылға қарсы әдейі қымбаттатып отыр-ау.

Статистика департаменті басшыларының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар сәбіз, картоп пен жұмыртқа бағасы жыл басынан бері 100%-ке өскен.

Римма Утюшева, облыстық статистика департаментінің басшысы:

- Жыл басында 10 тауық жұмыртқасы 400 теңге болды. Бір жылда 113, 3% өсіп отыр. Картоп болса, 121%-ке дейін қымбаттаған. Қазір картоптың бір келісі 151 теңге тұрады. Сәбіздің келісі де 159 теңгеге көтерілді.

Біз іздеген жаңажылдық салатқа қажетті шұжық пен жасыл бұршақтың бағасы да 12 ай бұрынғымен салыстырғанда біршама қымбаттапты. Бұршақ 113%, ал шұжық 105% көтерілген. Қазір дүкендерде бір келісі 2200 теңгеден тұр. Жаңа жылдық дастарханды сәндеу үшін түрлі-түсті қағаз майлықтардың да маңызы зор. Олардың бағасы 200 бен 500 теңгенің аралығында сатылып жатыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы