378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде әуе билеттері қымбаттады

  • 494
  • UPD: 14:07, 07.05.2019

Әсіресе елордадан ұшатын бірнеше бағыт бойынша бағаның біршама өскені байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұған себеп болған мереке күндері. Демалыста діттеген жеріне ұшақпен жету үшін қазақстандықтардың қалтасы біршама сомаға қағылатын болды.

Бағаны сараптау үшін біз солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс өңірлерді қарастырдық. Әуе компаниялардың сайттарындағы мамырдың 9-сы мен 12-сі аралығына арналған билет бағасын салыстырдық. Сонымен, демалыста елордадан Қостанайға тікелей әуе рейсімен барып-келу – 80 мың теңге. Шымкентке сәл арзан. 70 мың теңгеден асады. Ал Нұр-Сұлтан-Атырау бағытында ұшатын тұрғындарға барып келу құны – 96 мың теңге. Бірақ ең қымбат баға Нұр-Сұлтан-Өскемен бағытында тіркелді. Шығысқа барып келу үшін қалатаңызда кем дегенде 120 мың теңге болуы керек. Сондай-ақ тұрғындар жиі пайдаланатын Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы рейстерге ең арзан әуе билеттері – 50 мың теңге.

Мереке күндері болғандықтан билеттер шамамен екі есе қымбаттаған. Мысалы, мамырдың 13-сі мен 16-сы аралығында Алматыға, демалыс күндеріне қарағанда, екі есе арзан бағаға баруға болады. Билет құны – 28 мың теңге. Ал Өскеменге ұшақпен барып-келу – 36 мың теңге, Атырауға – 56 мың теңге. Ал шырайлы Шымкентке әуе жолдары арқылы  35 мың теңгеге барып келуге болады. Ұшақ билеттерінің құнын қалтасы көтермейтін тұрғындар діттеген жеріне пойызбен жетеді.  Байқағанымыздай, теміржол билеттерінің бағасы әзірше өзгермеген.

Елімізде шай қымбаттады. Қазақстандықтардың сүйікті сусынының бағасы бір жылда 3,5% өскен, ал шай өндірісі 6% төмендеген, деп хабарлайды energyprom.kz сараптама агенттігі. 2019 жылдың басында елімізге 5,5 мың тонна шай импортталған. Ақшаға аударсақ, оның құны 20 миллион доллар шамасында. Осы айда республика бойынша нарықтағы бір келі шайдың орташа бағамы – 2963 теңге. Республика бойынша Қостанайда шай бағасы ең қымбат – 3279 теңге. Алматыда – 3268, Қарағандыда – 3140 теңге. Ал Көкшетау, Павлодар, Орал өңірлерінде сергітетін сусынның бағасы 2500 теңгеден асады.

АҚШ Қытай тауарларына баж салығын арттыруы мүмкін

Осы аптаның аяғында АҚШ Қытай тауарларына тарифтерді өсіруі мүмкін. Сонымен қатар Құрама Штаттар импортқа 25 проценттік алым енгізбекші. Ақшалай баламада бұл қосымша 325 миллиард доллар. Аталмыш тарифтер шынымен енгізілсе, Қытай үшін АҚШ нарығына тауар жіберу тиімсіз болады. Қосымша шығындар америкалық тұтынушыларға да әсер етеді. АҚШ-тың мұндай мәлімдемесінен кейін, кеше сауда келісімдеріне байланысты акциялар құны да түскені байқалады. Биржалық қор 0,5% төмендеген.

Валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша, АҚШ долларының құны 380 теңге 58 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 381-382  теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы