382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде салық төлеу бойынша белсенді өңірлер анықталды

  • 356
  • UPD: 15:12, 03.06.2019

Ислам даму банкі Қазақстанмен ынтымақтастығын одан ары дамытуға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы өткен демалыста Меккеде ұйымдастырылған Ислам Ынтымақтастық Ұйымы саммитінің 14-сессиясында белгілі болды. Еліміздің сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Ислам даму банкі тобының президенті доктор Бандар Хаджармен кездескен болатын.

Тараптар еліміздің ұлттық инвестициялық жобаларына банктің одан әрі қатысуы мәселелерін талқылады. Қазақстандық делегация ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің инфрақұрылымдық интеграциясын көздейтін стратегиялық бағдарламалық құжатын әзірлеуге мүдделі екенін білдірді.

Қазақстан Ислам даму банкімен байланысын дамытады. Банк төрағасы Бандар Хаджар «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару кеңесінің мүшесі бола отырып, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Екі тарап арасындағы меморандум ТМД аймағында исламдық қаржыландыруды дамытуға ықпал етеді және банктің осы саладағы құнды тәжірибесін зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Хаджар 500 млн АҚШ доллары көлеміндегі бастапқы капиталмен Ислам даму банкінің Ғылым және технологиялар жөніндегі қорын құру туралы сөз етті.

Айта кетейік, банк 1975 жылы құрылған сәттен бастап Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше 57 мемлекетте жалпы сомасы 1 трлн 331 млрд 300 млн АҚШ долларына тең жобалар мақұлданды. Ал өткен жылы банк Африка, Еуропа, Латын Америкасы мен Азия елдеріндегі жобаларды қаржыландырған болатын.

Түркістанда 500-ге жуық агрожоба жүзеге асырылады

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын одан ары дамыту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Өңір басшысының орынбасары Ербол Садырдың айтуынша, осы жылы жергілікті агрокешен саласында құны шамамен 90 млрд теңгеге жуықтайтын 500-ге тарта жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта оның 160-тан астамы орындалды. Сондай-ақ әкім орынбасары Түркістан облысының республиканы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде Алматы облысынан кейін 2-орында екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар бас шаһар тұрғындары үшін жылына 4 мәрте жәрмеңке өткізіледі. Соның біріншісі өткен демалыста басталып, 2 күнге жалғасты. Жәрмеңкеге 365 тонна өнім әкелінген.

Салық төлеу бойынша белсенді өңірлер анықталды

Елімізде салықты уақтылы төлеуден белсенді аймақтар тізімі жарияланды. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, көшті Ақмола облысы бастап тұр, артынша Алматы, Атырау, Жамбыл және Қостанай облыстары келеді. Ізінше Орталық пен Шығыс Қазақстан және Павлодар өңірі жайғасқан. Айта кетейік, мұндай мониторинг жылына екі рет жүргізіледі, ондағы мақсат –– салық төлеуде белсенділігі төмен аймақтарды анықтап, олармен жұмыс істеу. Сонымен қатар кірістер комитетінің өкілі қазіргі уақытта салық жүйесінде камералдық бақылаудың жүзеге асырылып жатқаны туралы айтып берді. Камералық бақылаудың негізгі мақсаты – салық төлеушіге айыппұл салмай, заң бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беру. Өткен жылы камералдық бақылау нәтижесінде салық төлеушілер қосымша декларациялар тапсырып, жинақталған және өндірілген салық сомасы 127 млрд 300 млн теңгені құрады.

Әлемдік мұнай бағасы құбылып тұр

Өткен демалыста әлемдік мұнай бағасы түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында өткен жұма күнгі сауда-саттық қорытындысы осындай. Лондондағы ICE Futures биржасында шілде айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың болжамдық құны 2 доллар 18 центке түсіп, 64 доллар 47 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) шілде айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай 3 доллар 9 центке арзандап, бір баррелі 53 доллар 5 центке тең болды.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 382 теңге 56 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 383 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы