389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда алкоголь өнімдеріне сұраныс азайды

  • 274
  • UPD: 11:29, 27.09.2019

Қазақстандықтар алкоголь өнімдерін тұтынуды азайтты.

Ресми мәліметтерге қарағанда, биылғы алты айда оның сатылымы бірден 22%-ке қысқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Расында алкоголь өнімдеріне сұраныс азайғаннан кейін өндіріс те кеміді. Есесіне, ұлттық сусындар өндірісі айтарлықтай артқан.

Қазақстанда алкоголь өнімдерінің сатылымы 22%-ке азайды. Ал өндірісі 23%-ке кеміді. Жалпы салық түсімдеріндегі акциздердің үлесі жыл ішінде 0,2%-ке азайған. Оның ішінде алкогольдің өнімдеріне алынатын акциз 7%-ке төмендеді.

«Ішімдік айналымының азаюына сұраныстың төмендеуімен қатар көлеңкелі бизнестің белең алуы себеп болуы мүмкін», - дейді сарапшылар.

Өйткені статисткиа комитетінің есебі бойынша 2017 жылы қазақстандықтар 32,8 миллион литр ішімдік ішкен. Енді дәл осы комиттетің есебінше, сол жылы дүкен сөрелерінен 58 миллион литр ащы су сатылған. Яғни алдыңғы есептен 43%-ке көп. Мәліметтерге қарағанда, Қазақстан нарығындағы алкоголь өнімдерінің 20-40%-і заңсыз жолмен әкелінеді.

 

Ұлттық сусындардың өндірісі артты

Есесіне, елімізде ұлттық сусындар яғни қымыз бен шұбат өндірісі артты. Мәселен биылғы сегіз айда 685 тонна қымыз, мың жеті жүз тонна шұбат өндірілді. Яғни жылқы сүтінің өндірісі 34%-ке, ал түйе сүтінің өндірісі 72%-ке көбейген. Сондай-ақ қаңтар мен тамыз аралығында өңделген сүт пен қаймақтың өндірісі 7,3%-ке артқан. Ірімшік пен сүзбе өндірісі 19 тоннадан асып, өткен жылғы көрсеткіштен 4,3%-ке өсім көрсетті. Бір өкініштісі, өндіріс артқан сайын баға да көтеріліп барады. Мәселен, бір жыл ішінде пастерленген сүт 11,4%-ке, ірімшік 11%-ке, айран 3,3%-ке қымбаттаған.

Айта кетейік, қыркүйек айында мәжіліс депутаты Владислав Косарев, елімізде 20 миллион гектар жайлымдық жер бола тұра, тұрғындар мал азығын өз бағасынан 5-6 есе қымбатқа алатынын сынға алған. Оның үстіне жергілікті шаруалардан алынған сүт өнімдері дүкен сөресіне жеткенше 7,5 есеге қымбаттайды. Яғни, бар пайданы делделдар көреді. Халық қалаулысының айтуынша, 1990 жылдары елдің ішкі жалпы өнімінің 31%-і ауылшаруашылық саласының үлесінде болған. Алайда, соңғы он жылда 4,6-4,7%-тен аспай келеді.

 

Табиғи газдың өндірісі артады

Биыл Қазақстанның табиғи газ өндірісі 55 миллиард текше метрден асады. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді. Еліміз жыл сайын 90 миллион тонна қара алтын өндіреді. Осының арқасында Қазақстан мұнайды көп өндіретін 15 мемлекеттің қатарына қосылды. Бүгінде қара алтын шығаратын отандық зауыттардың қуаты артқан. Олар елдің ішкі сұранысын толық қанағаттандырады. Дегенмен, нарық үлкейіп жатыр. Қазіргі қарқын сақталатын болса 2027 жылға дейін табиғи газ өндірісі 80 миллиард текше метрге жетеді. Сондай-ақ полиэтилен мен пропилен өндірісінің қарқынды дамуы Қазақстанды саладағы жетекші эспорттаушы мемлекетке айналдырады.

 

Әлемдік банктер 60 мың жұмыс орнын қысқартады

Әлемдегі барлық банктер биыл жалпы саны 60 мың қызметкерді жұмыстан босатады. Блумберг агенттігінің хабарлауынша, жаппай қысқартуға жаһан экономикасындағы өсімнің тежелуі түрткі болды. Қысқартудың 90%-і еуропалық банктердің үлсенде. Азия-Тынық мұхиты аймағында 500-дей қызметкер, Солтүстік Америкада 2700, ал Таяу Шығыс пен Африкада 2500 қызметкер жұмыстан босайды. Қызметкерлерді қысқарту бойынша германиялық банктер көш бастап тұр. Мәселен Deutsche Bank 2022 жылға дейін 18 мың жұмыс орнын қысқартатынын айтқан. Ал испандық Сантандер 5500, ал ресейлік «Альфа Банк» 3 мың қызметкерді жұмыстан босататынын жариялады.

Енді Қазақстан қор биржасындағы валюта бағамына тоқталсақ. Еліміздің Ұлттық банкі белгілеген ресми бағам бойынша бір АҚШ доллары 387 теңге 53 тиынды құрады. Айырбастау бөлімшелерінде долларды 387-388 теңгеден сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы