417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде мұнай бағасы 30 долларға дейін түсуі мүмкін

  • 303
  • UPD: 11:02, 14.07.2020

Қара алтын фьючерстері қазірдің өзінде 1 долларға арзандады, деп хабарлайды «Хабар 24».

ОПЕК+ отырысы 15 шілдеге белгіленген болатын. Онда қандай келісім қабылдануы мүмкін?

Пандемия мен оның салдары әлем экономикасына кері әсер етті. Межелі жоспарлар түбегейлі өзгергені анық. Бұл отырыста мұнай бағасы қайта қаралады. Ал тамыздағы жаңа келісім бойынша тасымал көлемі азайтылып, өндіріс артуы бек мүмкін. Өйткені, карантин қайта енгізіліп жатқан әлем елдерінде энергияға сұраныс артпақ. Бұған дейін ОПЕК+ мұнай өндірісін рекордтық деңгейге төмендетті. Сөйтіп баға 40 доллардан асқан болатын. Ертең ұйым мүшелері бірінші тамыздан бастап, тәулігіне 7 млн баррель мұнай өндіру жайын талқылайды. Сауд Арабиясы сияқты бірқатар ел бұл шешімді қолдап отыр. Қазіргі шектеулерді сақтау ұсынысы да айтылды. Бірақ картель мүшелеріне бұл пайым ұнамаған сыңайлы.

Темір тұлпарға сұраныс артқан

Маусым айында қазақстандықтар 10 мың көлік сатып алған. Былтыр бұл көрсеткіш 60 процентке аз болды. Сөйтіп табыс үлесі 8 млрд теңгеге жетті. Жалпы жыл басынан бері елімізде 313,4 млрд теңгеге көлік сатылған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5 процентке көп. «Қазавтоөндіріс» ұйымы 35 мың көліктің иесін тапқанын хабарлады. Оның 24 мыңы – отандық өнім. Қазір «Лада» маркалы көліктер көш басында. Ал ең белсенді өңірлер тізімінде ірі қалалардан бөлек, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Өскемен тұр.

Мотоцикл өндіруші жұмысшыларды қысқартады

Harley-Davidson компаниясы әлемдегі 700 қызметкерін қысқартпақ. Бұл – жалпы штаттың 13 проценті. Ірі мотоцикл шығарушы экономикалық дағдарысқа төтеп бере алмай, бизнесін қайта жасақтамақ. Бұл үшін жылдың екінші тоқсанында 42 млн доллар шығындалатын болады. Компания өндіріс көлемін едәуір азайтқан. Дилерлер жеткізетін мотоциклдердің ассортименттері де қысқарды. Стратегиялық жоспар жайы кеңірек осы айда айтылатын болады. Қазір мұнда 5600 адам еңбек етіп жатыр.

Көпшілік ақша үнемдеуге көшкен

Қаржылық тұрақтылық пен жұмыс мәселесі әлемдегі экономиканың аяғына тұсау боп тұр. Тұтынушылар барынша үнемшіл болып кеткен. Бұл өз кезегінде сұраныстың азаюына алып келді. Арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде халықтың 30 процентіне тұрақты жұмыс қажет екен. «Бір айлық жалақыны қайда жұмсар едіңіз?» деген сұраққа көбі «үнемдер едім» деп жауап берген. Сұралғандардың 13 проценті ғана табысын толық жұмсауға дайын екен. Халықаралық еңбек ұйымының болжамынша, нарықтағы 400 млн жұмыс орны пандемия салдарынан қысқаруы ықтимал.

Жалпы ішкі өнімді қалпына келтіру мүмкін бе?

Еуроодақ елдері 2022 жылы ЖІӨ-ді қалпына келтірмекші. Яғни 2019 жылғы көрсеткіш көзделуде. Биыл мұндағы ЖІӨ 9,3 процентті құрады. Халықаралық валюта қорының еуропалық департамент директоры Поуль Томсеннің айтуынша, жағдай жыл соңына дейін ақырын реттеледі. Дегенмен дағдарыс кезеңіндегі экономика біраз сынға ұшыратары хақ. Ең алдымен мемлекет басшылары пандемияның ұзаққа созылуына да дайын болуы керек. Бұл үшін экологиялық экономиканы дамытуға күш салған абзал дейді маман.

Нарықтағы баға

Шымкент пен Қостанайда бір келі қарбыз – 100 теңге. Ақтөбеде 120 теңге, Талдықорғанда да осы баға. Ал Көкшетауда өнім құны 10 теңгеге қымбат. Қарағандыдан бір келі қарбызды 140 теңгеден алсаңыз, Оралда 150 теңге, Нұр-Сұлтанда да 150 теңгеге дейін барады. Ал Петропавлда өнім 170 теңгеден сатылып жатыр.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар – 411,66 теңге, еуро – 465,92 теңге, Ресей рублі – 5,81 теңге.

Хабар 24 телеарнасы