429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елде азық-түлік қымбаттап барады

  • 571
  • UPD: 12:01, 03.12.2020

Жыл басынан бері оның құнына қатысты инфляция 10 процентке жеткен.

Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде ең жоғары көрсеткіш. Негізі заң бойынша тауар бағасын негізсіз көтергендерге айыппұл салынуы тиіс.

Азық-түлік құнының шарықтап кеткені туралы Парламент депутаттары да мәселе көтерді. Айтуларынша, бағаны бақылайтын құқықтық нормалар болғанымен, өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ

Азық-түлік негізсіз қымбаттап жатыр

Дүкендерде әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасы тауардың көтерме саудадағы құнынан 15 проценттен артық қымбат болмауы тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл норма сақталып жатқан жоқ. Оған кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге тыйым салатын мараторий кері әсерін тигізіп тұр. Яғни жергілікті атқарушы органдардың қолы байлаулы. Ал мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге заңды жетікілкіті деңгейде түсіндірмейді. Бұл туралы Парламенттің кіші палатасының депутаты Нұржан Әшімбетов мәселе көтеріп, Үкіметке сауал жолдады. Халық қалаулысының сөзінше, тексеруге салынған шектеудің ірі сауда орындарына қатысы жоқ. Оның үстіне Үкіметтің қаулысына сай коммуналдық базардағы сауда нүктесінің 10 проценті ауыл шаруашылығы өнімін шығарушыларға берілуі керек. Осы дүкендер арқылы олар тұтынушымен делдалсыз сауда жасауы тиіс. Өкінішке қарай, қазір елдегі коммуналдық базардың көбі жекешелендірілген. Кей өңірде коммуналдық базар деген атымен жоқ. Соның кесірінен жергілікті фермердің тауары тұтынушыға бірнеше есе қымбат бағада сатылады.

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Азық-түлік тауарларының негізсіз қымбаттағаны көрініп тұр. Мәселен, тауықтың 10 жұмыртқасы құс фабрикасында 300 теңгеден сатылады. Ал бөлшек саудада 400-ден. Яғни 25% қымбат. Халыққа тауар құнын тұрақтандыру қоры, сауда үйлеріне жасалған қаржылық көмек туралы ақпарат беріледі. Бірақ азық-түліктің тауар өндірушідегі құны, заң бойынша оған алыпсатар қанша қоса алатыны, бағаны негізсіз өсіргендер қандай жауапқа тартылатыны туралы жұрт біле бермейді.

 

Жалақының жартысы азық-түлікке кетеді 

Азық-түлік қымбаттағаннан кейін тұрғындардың тамаққа кететін шығын көбейді. Қазір қазақстандықтар айлық табысының жартысынан астамын ішіп-жемге жұмсайды.  Ал әлемнің көптеген елінде бұл шығын жалақының 10 проценті шамасында ғана. Қалған 90 процентін жинақтауға мүмкіндік бар. Бізде жағдай керісінше, Ranking.kz порталының сарапшылары жүргізген зерттеуге қарағанда Түркістан, Маңғыстау және Атырау облысының тұрғындары жалақысының 60 процентін азық-түлік алуға жұмсайды. Сәйкесінше кәсіп ашуға немесе қор жинауға оларда мүмкіндік аз.

Азық-түлік туралы айтқан соң бүгін нарықтағы баға айдарында алманың құнына шолу жасауды жөн көрдік. Өңірлерде жеміс қаншадан сатылатынын сәлден кейін салыстырамыз.

Қазақстан бойынша алма ең арзан өңір – Петропавл, мұнда келісі 360 теңгеден. Түркістанда 40 теңгеге қымбатырақ. Ал Көкшетауда бір келі алманы 500 теңге шамасына аласыз. Елорда дүкендерде де баға сондай. Қостанайда 600-ден. Ел бойынша алма ең қымбат өңір – Атырау. Мұнда жемістің келісі 650 теңгеден.

 

Тайланд көктемге дейін турист қабылдамайды

Тайланд биылғы қыста шетелден турист қабылдамауы мүмкін. 2021 жылдың екінші тоқсанына дейін шекараны ашпау туралы жоспарды елдің спорт және туризм министрі мәлімдеді. Оның айтуынша, шектеулерді алып тастау аурудың таралуын күшейтіп жіберуі мүмкін. Ал туристік агенттіктер карантин талаптарын жеңілдетуді сұрайды. Ең болмаса туристер үшін жасыл дәліз жасауды талап етті. Қазір бұл мемлекетке іскерлік мақсатпен келгендер, медицина саласының қызметкерлері және дипломаттар ғана кіре алады. Айта кетейік, қазан айында Тайланд билігі туристердің келуіне рұқсат берген еді. Саяхатшыларда ПТР-тест нәтижесінің болуын талап етті. Анықтамамен келгендер де 14 күн карантинге жатты. Осындай шектеу шаралары болғанның өзінде бір айда елге мың турист келген.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 425 теңге 49 тиын деп белгіленген. Еуро 512 теңге 84 тиын ал Ресей рублі 5 теңге 63 тиын.

Хабар 24 телеарнасы