387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Вьетнамның сауда-саттық байланысы нығайып келеді

  • 936
  • UPD: 15:08, 07.03.2017

Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдерін байланыстыратын транзиттік дәліз бола алады.

Ал Вьетнамдағы ең ірі Saigon Newport Corporation компаниясының порты Қазақстан тауарларын Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тарататын негізгі орталыққа айналуы мүмкін. Қазір теміржолмен байланысқан Ляньюньган порты арқылы жүкті тікелей Вьетнамға тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жолға шамамен екі аптадай ғана уақыт кетеді.

Вьетнам дегенде қазақстандықтарға бес жұлдызды қыздыратын жақпа май елестейді. Бірақ бүгінде бұл – ел әлемде экономикасы қарқынды дамып келе жатқан он мемлекеттің бірі. Халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып, орташа дәулетті xалықтың саны артуда. Өткен жылмен салыстырғанда вьетнамдықтар қазір күрішті 30%-ға аз жейтін болған. Олар ұннан жасалатын тағамдар, тәтті тоқаш және ет жей бастады. Бұл Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азияда астығы мен агроөнімдерін саудалайтын үлкен нарық ашылды деген сөз.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Вьетнамның сауда-саттық байланысы нығайып келеді. Екі ел арасында тауар айналым былтыр 330 миллион АҚШ долларын құрады. Соның ішінде Қазақстан экспорты 147 млн доллар. Бұл көрсеткіш 2015 жылы небәрі 10 млн доллар ғана еді.

Бекетжан Жұмаханов, Вьетнамдағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстаннан Вьетнамға болат, алюминий, қорғасын экспортталады. Бұл Вьетнам экономикасына құрылыс үшін қажет материалдар. Қазір біз Қазақстаннан азық-түлік тауарларын жеткізу амалдарын қарастырып жатырмыз. Болашақта бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың негізі болады.

Бұл Хошимин қаласындағы Қазақстан, Вьетнам, Қытай өкілдері жиналған алғашқы маңызды кездесу. Жиын барысында «Қазақстан-Қытай-Вьетнам» транзиттік дәлізі бойынша Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне және кері бағытта жүк тасымалдау мүмкіндіктері талқыланды.

Ван Кюи Буй, Cat Lai терминалының өкілі:

- Ляньюньган порты арқылы Вьетнамнан Қазақстанға одан ары Еуропаға және кері қарай тауар тасымалдаудың болашағы бар деп ойлаймын. Saigon Newport Corporation-ге қарасты Cat Lai терминалы – Индонезия, Таиланд және өзге де Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тасымалданатын тауарды түсіруге ең қолайлы әрі ең үлкен заманауи терминал.

Қазір Қытай Ресейге және Еуропа елдеріне тауарын жеткізу үшін Ляньюньган портынан шығатын теміржолды пайдаланады. Жыл басында Қазақстан арқылы Лондонға алғашқы пойызы жіберді. Межелі орынға жүк 18 күнде жетті. Демек теңіз жолына кететін уақыт екі есе үнемделеді. Сондықтан Ляньюньгандағы қазақ-қытай халықаралық логистикалық компаниясы осы бағытты ары қарай дамытуға ниетті. Егер Еуропа-Қазақстан-Вьетнам дәлізі ашылса, әлемдік сауда-саттықты үлкен өзгеріс күтіп тұр. Вьетнамның Хошиминдегі порты мен Қытайдың Ляньюньган арасындағы тікелей теңіз жолын 6 күнге дейін қысқартуға болады. Сонда Вьетнам тауары Ляньюньган портымен Алматыға екі аптада жетеді. Егер ол теңізбен жүрсе, 45 тәулік кетеді.

Бекетжан Жұмаханов, Вьетнамдағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз бүгін серіктестерімізбен Ляньюньган портынан Вьетнамның Saigon Newport Corporation портына дейінгі логистикалық бағыттың ашылуы жөнінде келіссөз жүргіздік. Бұл Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің кәсіпкерлеріне өз тауарын Оңтүстік-Шығыс Азияға жеткізіп, кері бағытта біздің аймақта жоқ қажетті өнімдерді тасымалдауға мүмкіндік береді.

Қазір Вьетнам мұнай, газ, өзге де табиғи ресурстарды, теңіз өнімдерін, күріш, кофені АҚШ, Жапония, Австралия мемлекеттеріне экспорттайды. Кофе өндіруден, тіпті, Бразилияны басып озған. Тынық мұхиты елдері арасында экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Әлемнің жетекші тауар шығаратын компаниялары да өндірісін осында көшіре бастады. Сондықтан Қазақстан үшін Вьетнамға транзиттік бағыттың пайда болуы жаңа мүміндіктер ашады.

Авторлары: Н.Бекен, Ж.Сүй 

Хабар 24 телеарнасы