381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қазақтелеком» қызметкерлері әйгілі экономист Нассим Николас Талебпен кездесті

  • 647

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрме алаңында әйгілі экономист әрі трейдер Нассим Николас Талебпен кездесу ұйымдастырды. Шараға «Қазақтелекомның» үздік қызметкерлері қатысты.

Нассим Николас Талеб – америкалық экономист, әлемге әйгілі кітаптардың авторы. 2007-2008 жылдардағы дүние жүзілік дағдарыс кезінде шаш етектен пайда тапқан трейдер. Егер естеріңізде болса, Нассим Талеб қаржы саласындағы статистикалық әдістерді сараптай келе, өз болжамын айтып, дүние жүзіне дағдарыс қаупі төніп тұрғанын жеткізген. Айтқаны айдай келіп, аузы дуалы сарапшы болды да шықты. Сол Талеб оныншы рет өтіп жатқан Астана экономикалық форумына қатысуда. Уақыт тауып, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының ЕХРО көрмесіндегі қосынына келді. Қарсы алушылар алдында әңгіме шертіп, қойылған сауалдарға жауап берді.

Нассим Николас Талеб, экономист, Black Swan кітабының авторы:

-Менің кітабымдағы ойлар ғаламдық жаһанданумен қабыспайды деушілер бар. Әркім өз түсінігінен қарайды ғой. «Қара аққуды» оқи отырып, өзіне, кәсібіне, экономикалық дамуына талдау жасағандар аз емес. Тығырықтан шыққандар бар, қиындықтан жол тапқандар бар. Теория деп қабылдағандар көп.

«Қазақтелеком» қызметкерлерімен кездескен экономист әлемдік экономикаға қатысты ой өрбітті. Кейбір талдауларын ұсынды. Сараптамаларына тоқталды. Black Swan беттерінде ұстаным, пайымдарын жеткізгенін айтты. «Адамдар ақпараттың аздығынан кейбір нәрселерді түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан коммуникация әркімге және әрбір салаға аса қажет», – деді Талеб мырза. Оның ой-пікірі тыңдаушыларға әсер еткен секілді.

Берік Битабаров, «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлер жөніндегі басқарушы директор: 

-Талеб мырза өзінің тәжірибесімен бөлісті. Өзінің білімдерін, көзқарастарын айтып, бізге түсіндірді.

Әлемдік деңгейдегі сарапшылармен кездесу «Қазақтелекомда» дәстүрге айналған.

Авторлары: Амангелді Сейтханов, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы