377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәуелсіздік жылдары 300 млрд доллар инвестиция құйылды

  • 942
  • UPD: 15:11, 29.12.2017

Тәуелсіздіктің 26 жылында елге шамамен шетелден 300 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды.

Бұл Орталық Азияға құйылған қаражаттың 70 пайызы. Осылайша егемендік алғаннан кейін елімізде тұралап қалған өндірістің тамырына қан жүгірді. Жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Жұмыс орындары ашылды. Әрине, бұған елдегі тұрақтылық ықпал етті.

Күй талғайтын инвесторлар жағдайын жасайтын мемлекетке ғана қаржы құятыны белгілі. Кезінде елімізге сенім артқан компаниялар бүгінде табысын еселеп отыр. Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен 10 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Соның бірі «Тұлпар – Тальго» зауыты. 2011-де тұсауы кесілді. Жолаушыларға арналған вагондар шығарады. ТМД-да баламасы жоқ. Бастысы, ел экономикасына түсім түсіріп, 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр.

Әнуар Сарин, зауыт қызметкері:

- Негізі 2012 жылдан бастап 2015 жылға дейін бір жобамен жұмыс істедік. Осы айтылған мерзімде 16 құраммен 436 іске вагон қосылуға тиісті. Міне, осы жоспар орындалып, жоба 2015 жылы аяқталды. 2016 жылдан бастап жаңа жобаға кірісті, ол 2023 жылға дейін іске асырылады. 600-ден астам вагон іске қосылуға тиіс.

Елімізде жыл санап инвестициялық ахуал жақсарып келеді. Оған нақты деректер дәлел бола алады. Биыл жартыжылдықта елге құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 10 жарым млрд долларға жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 8,6% көп. Әрине, қаншама қолайлы жағдай жасалғанымен, ішкі тұрақтылық болмаса инвесторлар қаржы салмас еді.  

Рахаван Ситараман, «Doha bank» атқарушы директоры:

- Қазақстанның инвестициялық әлеуеті өте жоғары. Сіздердің елдеріңізде қаржы орталығын дамытуға толық мүмкіндік бар. Сауда-саттықпен айналысуға тиісті инфрақұрылым жасалған. Бірақ бәрінен бұрын біз үшін сіздердің елдеріңіздегі тұрақтылық маңызды.

Тәуелсіздік жылдарында елге ең көп қаржы салған инвесторлардың көшін бастап тұрғандар қатарында Ұлыбритания, Нидерланды, Швейцария, Франция, АҚШ, Қытай, Ресей елдері бар. Бүгінде Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде еліміз «бизнесті оңай жүргізу» талабы бойынша 2018 жылы 36-шы орыннан көрінді. 

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы

Хабар 24 телеарнасы