367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қайрат Келімбетов «Астана» ХҚО-ға қатысты жаңа мәліметтермен бөлісті

  • 223
  • UPD: 22:07, 25.06.2018

«Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуына санаулы күндер қалды.

Жергілікті биржа қазақстандық және халықаралық брокерлік компаниялармен сауда операцияларын жүргізуге қазірдің өзінде әзір. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз жиынында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов хабарлады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының негізгі тетігіне айналуы болашақтың еншісінде. Десек те соңғы 3 жыл ішінде қыруар іс атқарылды. Мәселен, таяуда аймақтық клирингтік орталықтар ашылады. Орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, маусым айының басында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті шеңберінде жасалған келісімдер ел экономикасына тың серпін бермек. Сондай-ақ «Жібек жолы қоры» мен ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, Аспан асты елінің ірі банктерінің орталық аумағында өз өкілдіктері пайда болады.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Бюджет саласында осы жылға 20 млрд теңгедей жоспарланған. Жалпы, қазіргі уақытқа дейін 10 млрд-тан астам іске қаржыландырылды. Ол – біздің қор биржасын капиталдандыру және басқа да ішіндегі институттарды капиталдандыру. Менің ойымша, осы қаржы орталықты дамыту үшін 3 жылдың ішінде сондай қаражат керек, сосын осы біздің қаржы орталық негізгі инвестицияларды тарту арқылы одан ары жұмысты жалғастырады.

Ал құнды қағаздар нарығын дамыту бойынша, 8 шетелдік компания жергілікті биржаның аккредитациясынан өтіп жатыр. Бұл өз кезегінде отандық қор нарығы мен ұлттық компанияларды жаңғыртуға, инвестиция көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, цифрлық экономика саласына тың технология енгізуге және елдегі жекешелендіру процесін ілгерілетуге жол ашады.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- «100 нақты қадам» ұлт жоспары бағдарламасы шеңберінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының ұлттық компанияларын жекешелендіру бастамасы қолға алынып жатыр. Мәселен, 2020 жылға дейін «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «ҚазАтомӨндіріс», «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» компанияларын жекенің қолына өткізу көзделіп отыр. Аталған кәсіпорындар отандық жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын құрайды. Осылайша мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордан жеке секторға ауысу тетігі алғаш рет «Астана» қаржы орталығында жүйеленбек. Қазақстандық банктерде төлем жүйесін цирфландыру мақсатында блокчейн технологиясын да дамыту жоспарда бар.

Осылайша орталық заңнамасын әзірлеу барысында IOSCO – Құнды қағаздар жөніндегі халықаралық комиссиясы, ВСВS – Банктік қадағалау жөніндегі комитет және IFSB – Исламдық қаржылық қызмет көрсету кеңесі сынды танымал ұйымдармен ортақ стандарттар бекітіліп, жалпыға бірдей қағидалар басшылыққа алынады. Осы ережелер қаржы нарығының тиімділігі мен тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сауда-саттықтағы тәуекел санын азайтпақ.

Мадияр Кенжеболат, экономист:

- Биржадан тыс сауда алаңында сатушы мен сатып алушы арасындағы алыс-беріс белгілі бір сыртқы кедергілер кесірінен сәтті орындалмай қалуы мүмкін. Ал қаржы орталығының ажырамас бөлігіне айналған биржадағы коммерциялық келісімнің соңына дейін іске асырылатынына кепілдік берілмек.

Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялар саны 50-ге жуықтайды. Осы көрсеткішті жыл соңына дейін 100-ге, ал 2020 жылға дейін 500-ге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ ішкі қызмет жүйесі «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елдерде білімін шыңдап келген жас мамандардан құралмақ.

Естеріңізге сала кетейік, 3 шілдеде жаһандық инвестициялық форум өтіп, шілденің 5-і күні орталық ресми түрде ашылады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев, Ғани Алшынбаев, Ержан Қанапияұлы

Осы категория бойынша: « АХҚО-ның ашылуына санаулы күндер қалды Мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын кәсіпкерлерді тексеру шаралары қысқаруда »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы