365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордалық 18 компания банкротқа ұшырауы мүмкін

  • 192
  • UPD: 09:09, 20.07.2018

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы 20 шақты кәсіпорын банкротқа ұшырауы мүмкін.

Бұл мәселе аймақ қатысушыларының съезінде қозғалды. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған дейін оларға берілген жеңілдіктер жалған болып шықты. 5 жыл бойы қосымша құн салығын төлемеген кәсіпорындар енді қазынаға қыруар қаражат қарыз болып қалды.

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы 2001 жылы ашылған. Мұнда негізінен өңдеу өнеркәсібімен айналысатын компаниялар шоғырланған. Олардың арасында бетон конструкцияларын өндіретін «Мақсат» кәсіпорны да бар. Бұған дейін табысты бизнес жүргізіп келе жатқан мекеме енді тығырыққа тіреліп отыр. Салық органдарының хабарламасына сәйкес, компания бюджетке 2 миллиард теңгеден астам қаражат берешек.

Ибрагим Арыстанбаев, кәсіпкер:

– Қаражат органдары басымдық жасап жатыр. Соның шешімі үшін біз Үкіметке де бардық.

Экономикалық аймақта тағы 17 компанияның басындағы жағдай осы. Жалпы мұнда 71 кәсіпорын шоғырланған. Олар 3 жарым мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

Эльмира Әбуғалиева, «SezUnion» АЭА қауымдастығының басқарма төрайымы:

– Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары бір-бірімен және сырттан келген бизнес өкілдерімен де сауда-саттық жүргізеді. Олар заң бойынша тауарды нөлдік мөлшерлеме бойынша алған. Қазір Мемлекеттік кірістер комитеті мұны жоққа шығарып, аймақтағы кәсіпорындарды барлық салықтар мен 5 жылда жиналып қалған айыппұлдарды төлеуге міндеттеп жатыр. Мекеменің хабарламасына сүйенсек, 18 кәсіпорын 2013 жыл үшін 4 миллиард теңге қарыз. Ал егер барлық компаниялардың 5 жылдағы төлемдерін есептесек, ол сома 35 миллиард теңгеге жетіп қалады.

Мәселенің түйінін табу үшін арнайы экономикалық аймақтар қауымдастығы Парламент депутаттарынан қолдау сұрады. Олар өз тарапынан Үкіметке сауал жолдады.

Азат Перуашев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Дамыған елдерде мемлекет басымдық беріп отырған салаларға көптеген жеңілдік беріледі. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын ашудың да мақсаты осы болды. Егер ертең бұл компаниялардың барлығы жабылып қалса, болашақта олар мүлдем салық төлемейді. Осыны естен шығармаған жөн.

Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сүйенсек, аталмыш компаниялар өз жұмысында бірқатар заңды бұзған.

Аян Мейірбек, «Астана – жаңа қала» мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:

– Салық кодексінің 389-бабында арнайы экономикалық аймаққа тауарлар сатылған кезде қосымша құн салығының 0 пайыздық мөлшерлемесі қолданылуы тиіс. Алайда арнайы экономикалық аймақ қатысушылары 12 пайыздық мөлшерлемені қолданды. Сол себепті біз оларға хабарлама жібердік.

Бірақ «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар мұндай шешіммен келіспейді.

Жақында олар еліміздің Бас прокуратурасына хат жолдауды көздеп отыр.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ерзат Зайытхан

Осы категория бойынша: « Бақытжан Сағынтаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді Маңғыстау облысына жарты жылда 256 млрд теңге инвестиция тартылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы