383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Құрық теңіз порты арқылы 2 млн тоннаға жуық жүк жөнелтілген

  • 662
  • UPD: 10:09, 19.11.2018

Құрық теңіз порты – еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде айлақтан тек Қазақстанның ғана емес, Қытай, Өзбекстан мен Қырғыз елінің тауарлары Еуропаға тасымалданып жатыр. Биылдың өзінде қазақтың екінші теңіз порты арқылы 2 миллион тоннаға жуық жүк жөнелтілген. Ал 2019 жылы бұл көрсеткішті екі есеге арттыру көзделуде.

29 жүк көлігін тиеген алып кеме Құрық портынан Әзербайжан астанасы Бакуге жол тартты. Жүк көліктеріне қазақ астығы мен дәнді дақылдар артылған. Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан жеткен ауыл шаруашылығы өнімдері мен құрылыс материалдары бар. Қазақстан мен Орта Азия елдерінің өнімдері 18 сағатта Баку портына жетіп, әрі қарай Еуропаға экспортталады. Былтыр іске қосылған автомобиль айлағы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Жаңа айлақ портқа тасжолмен жеткізілген жүктерді жерге түсірместен, көлігімен қоса бірден кемеге кіргізіп, тиеуге мүмкіндік беріп отыр.

Талғат Оспанов, Құрық порты бас директорының орынбасары:

– Күніне екі паромды өңдеп, 100-120 машинаны Құрық портынан жібере аламыз. Жалпы біздің автокөлік айлағы 2 млн тонна жүк жөнелтетін мүмкіндігі бар.

Қазір портта автомобиль паромдық кешенінен өзге екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сыйып кететін төрт бірдей алып кемені қабылдап, жөнелте алады. Вагондар көпірден өтіп, лифт арқылы кемеге тиеледі. Жалпы теңіз портының қуаты – 6 миллион тонна.

Сергей Анашкин, «ҚТЖ» Экспресс» АҚ бас директорының орынбасары:

– Құрық портының құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылы басталған болатын. 2 кезеңнен тұратын алып жоба 2 жыл ішінде толық аяқталды. Бүгінде Құрық Еуропа мен Қытайдың арасын қосатын үлкен трансконтиненталдық маңызы бар тасымалдау портына айналды.

Құрық порты – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды бөлігі. Әзірге тек Әзербайжан порттарымен әріптестік орнатқан Құрық портының басшылары алдағы уақытта Каспийдегі өзге порттармен де байланысты арттыруды көздеп отыр. Келер жылы Иран мен Түрікменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы