384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Корея Шымкент-ситидің құрылысына атсалысады

  • 843
  • UPD: 11:52, 23.11.2018

Оңтүстіккореялық компания Шымкент шаһарының 6 гектар ауданында тұрғын үйлер салатын болды.

Шымкент әкімі Сеулге жасаған сапары барысында осындай келісімге қол жеткізді. Жер сілкінісіне мейлінше төтеп беретін ғимараттар салуда кореялықтардың тәжірибесі мол.

Оңтүстік Корея мен Оңтүстік Қазақстан аймағының географиялық орны һәм табиғаты ұқсас. Таңғы самал елінде жер сілкінісі жиі болады. Шымкенте де жер дүмпуі 8 балға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан ірі мегаполисте жаңадан салынып жатқан әрбір ғимарат табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруі тиіс. Бұл бағытта кореялықтардың тәжірибесі мол. Қазақстандық делегация осы мақсатпен Оңтүстік Кореяға арнайы барып, құрылыстағы соңғы технологиялардың қыр-сырын меңгерді.

Рашид Аюпов, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:

- Жыл сайын 2019-дан бастап 320 мың шаршы метр үй салсақ деген жоспарымыз бар. Оның ішінде төрт жобамыз – биік үйлер, жиырма қабаттан отыз төрт қабатқа қана дейін. Әрине, осындай тәжірибесі бар Оңтүстік Корея сияқты елмен тәжірибе алмассақ деген жоспарымыз бар.

Шымкенттік делегация Сеул қаласының мегаполистерді басқару тәжірибесін де зерттеді. Мына камералар қырық шақырым жерде орналасқан нысандарды көруге мүмкіндік береді. Қазақстанның үшінші мегаполисінде жақын арада осындай елу мыңнан астам камера орнату жоспарда бар.

Он үш жыл бұрын осында жол болатын. Қазір оның орнына ұзындығы он тоғыз шақырым жасанды бұлақ салынды. Содан бері Чонгечон Корея астанасының көрнекті орнына айналды. Бұл тәжірибе қазақстандықтарды да қызықтырды. Сондықтан бірнеше жылдан кейін Шымкенттегі Қошқар Ата өзенінің көрінісі дәл осындай болуы мүмкін.

Сапар барысында Шымкент қаласының әкімi оңтүстіккореялық компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумды бекітті. Бұл компания Астана қаласында 2004 бері жұмыс істеп келеді.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:

- Кореялық әріптестеріміз он жылдың ішінде 130 миллиард теңгені саламыз деп отыр. Біз үшін бұл өте үлкен инвестиция. Оны бүкіл ел күтіп отыр, халық күтіп отыр. Сондықтан келесі жылы бұл жобаны бастаймыз.

Ко Донг Хюн, Корея құрылыс компаниясының президенті:

- Шымкенттің сан ғасырлық тарихы бар. Басқа өңірлермен салыстырғанда, оның ауа райы жылы, тартымды ортаны байқадым. Бұл таза және мейірімді қала, бірақ оны қазіргі заманға сай етуге болады. Біз Шымкенттің дамуына және жаңартылуына өз үлесімізді қосқымыз келеді.

Қос тарап тағы бір келісім бекітті. Жасалған уағдаластыққа сәйкес, Кореның құрылыс технологиялары институты Шымкентке келіп, өңірдің табиғи ахуалын зерттейтін болды. Кейін Қазақстанның үшінші мегаполисінде жаңа әрі сапалы ғимараттар салуға атсалысады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы