375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайдағы автомобиль зауыт биыл 9 мыңнан астам көлік шығарды

  • 302
  • UPD: 15:11, 19.12.2018

Жыл басынан бері Қостанайдағы автокөлік зауыты 9 мыңнан астам темір тұлпар шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырғы көрсеткіштен 112% артық. Өндіріс көлемінің ұлғаюына модельдер желісінің кеңеюі және жаңа көлік түрлерін барынша игеруі ықпал етті. Құрастыру цехындағы өзгерістер туралы өңірдегі тілшіміз баяндайды.

Ұсақ түйінді құрастыру цехында үш желі бар. Бұрын осында көліктің қаңқасы қаланып келсе, биыл оның мүмкіндігі едәуір кеңейтілді. Қосымша конвейердің есебінен модельдер қатары ұлғайған.

Олег Комиссаров, шағын торапты құрастыру цехының бастығы:

- Тағы қосымша аспалы конвейерді іске қостық. Бұл қазір өзіміз шығарып жатқан қаңқасыз модельдерді құрастыруға мүмкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда, желі әмбебап боп шыға келді. Көліктерді шанағымен және шанақсыз түрлерін жинай алады. Сағатына 6 темір тұлпар құрастыратын қуаттылығы бар.

Жыл соңына дейін машина жасаушылар 12 мыңдай темір тұлпар шығаруды межелеп отыр. Оның ішінде баламалы жанармаймен жүретіндері де бар. Бүгінде көгілдір отынмен қозғалатын автобустардың алғашқы легі еліміздің бірқатар қалаларына жөнелтілді.

Сергей Могилатов, автозауыт директорының орынбасары:

- Облыс орталықтары газбен қозғалатын қоғамдық көліктерге қызығушылық танытуда. Ақтөбе қаласына 70 автобус жібердік. Одан қалды Ақтаудағы әуежай мен қаланы байланыстыратын 5 автобус жолаушылар тасымалдап жүр.

Өндіріс ауқымының кеңеюі білікті мамандарды қажет ететін анық. Білікті кадрлар зауыт жанындағы оқыту орталығында даярланады. Николай Яцышин - автомобиль көлігі колледжінің үшінші курс студенті. Қазір өндірістік тәжірибеде жүр. Қолына дипломы тигесін таңдауы автоөндіріс саласы болмақ.

Николай Яцышин, автомобиль көлігі колледжінің студенті:

Өте үлкен зауыт. Көптеген түрлі желілер бар. Соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған ұсақ түйінді құрастыру цехында еңбек етемін. Мұндағы мамандар өз ісінің нағыз шеберлері. Болашақта осы жерде қалып жұмыс істеуді арман етемін.

Конвейерлерден шыққан көліктер сыртқы нарыққа да жол тартады. Кәсіпорынның экспорттық әлеуеті былтырғыға қарағанда 4 есеге өскен. Шетелге 840 миллион теңгенің темір тұлпары жөнелтілді. Негізгі тұтынушылар – Тәжікстан және Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттері.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы