378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бірнеше өңірде тендер өткізу бойынша олқылықтар анықталды

  • 218
  • UPD: 15:25, 14.02.2019

Еліміз цифрлық жүйеге көшкеніне қарамастан, кейбір өңірлерде мемлекеттік сатып алулар қағаз жүзінде жүргізілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысында осындай олқылықтар анықталды. Қаржы министрлігінің алқа отырысында Ерболат Досаев осы жайтты жеткізді. «Егер қағаз жүзінде тендер өткізуге заңды тұрғыда рұқсат берілсе, онда тыйым салу керек», – дейді. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары кәсіпкерлердің қаражатын қайтаруды тапсырды.

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Біздің кәсіпорындар алдында қомақты салық берешегіміз бар. Кімдерге қаражат қайтару керектігін анықтап, кестеге енгізу керек. Сөйтіп бұл мәселені шешуіміз қажет. Ал қазір нарықта жоқ компаниялардың немесе қажетті құжатты ұсынбаған мекемелердің алдындағы берешекті уақыт өте келе тізімнен шығарып тастау керек. Ол үшін заңға осындай өзгерістер енгізу маңызды. Себебі бұл қарыздарды кімге қайтарарымыз белгісіз.

Ал бюджет қаражатын оңтайландыру үшін министрлік аудандық бөлімшелерде 400-ден аса автокөліктен бас тартты. Сондай-ақ соңғы 2 жылда бөлімшелердің алып жатқан аумағы 60 мың шаршы метрге қысқарды. Биыл тағы 23 мың шаршы метрге азая түседі. Осы сынды шаралар 3 жарым млрд қазына қаражатын оңтайландыруға мүмкіндік бермек. Үнемделген қаржы министрлік қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалады.

Руслан Еңсебаев, ҚР Қаржы вице-министрі:

– Біз барлық бағытта оңтайландыру жұмысын бастап кеттік. Басты міндеттің бірі – бюджеттің кірісін арттырып, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру. Мәселен, былтырдың өзінде цифрландырудың арқасында біз жақсы нәтижеге қол жеткіздік. «Астана-1» жүйесі арқылы кедендік рәсімдеу тәртібін оңтайландырдық. Бүгінде декларациялардың 70 пайыздан астамы 1 минуттың ішінде рәсімделеді. Бұл жүйеден бюджетке қосымша 13 млрд теңге түсім түсті. Ал жалпы цифрландыру шарасының нәтижесінде қазынаға былтыр шамамен 100 млрд теңге қаржы құйылды.

Хабар 24 телеарнасы