389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет пен Ұлттық банк өзара іс-қимылын алғаш рет келісім түрінде рәсімдеді

  • 591
  • UPD: 20:56, 26.03.2019

Бүгін Үкімет пен Ұлттық Банк 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясатты үйлестіру туралы келісімге қол қойды.

Құжат қоғамның бар саласына тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтып, шағын және орта бизнесті ширатуды көздейді.

Сосын алдағы үш жылда көлеңкелі экономика үлесін 40 процентке қысқарту көзделіп отыр. Мұның барлығы бүгін 2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысына арналған Үкімет отырысында айтылды.

Үкімет пен Ұлттық Банк арасындағы макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім 10 бағыттан тұрады. Құжат валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді және бағалы қағаздар нарығын дамытуды көздейді. Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту сияқты міндеттер бар. Осы келісімді жүзеге асыру үшін тиісті жол картасы қабылданатын болады.

Үкімет пен Ұлттық Банк «Нұрлы жер» және «7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларын жалғастыра береді. Мемлекеттік және әлеуметтік бастамаларды іске асырумен қатар жеке инвестицияларды кеңейту бойынша шараларды да қолға алмақ.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

– Ұлттық банк үш бағдарламаны жүзеге асыруға көңіл бөледі. 7-20-25 бағдарламасын қаржыландыруды жалғастырады. Ұлттық банк 5 жыл ішінде отандық өндірістегі жеңіл автокөлікті сатып алушы жеке тұлғаларды кредиттеу үшін банктерді негізделген қаржыландыру бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 100 млрд теңге беретін болады. Отандық автокөлікке осы жылы 20 млрд бөлінеді.

Мұнай-газ және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау үшінші индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттарының біріне айналуы қажет. Үкімет отырысында Асқар Мамин осылай деді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өсу қарқыны 4,1 пайызға тең. 100-ден аса жоба іске асырылып, 1 трлн теңгеден аса инвестиция тартылды. 13 мың жұмыс орны ашылды. Осыған орай келесі міндеттер іске асырылады.

Асқар Мамин ҚР Премьер-министрі:

– «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту қажет. Бұл мақсатта Елбасы тапсырмасы бойынша 600 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді. Өңдеуші өнеркәсіптің басым секторларын және жобаларын анықтадық. Сондықтан нақты нәтижелерге жету қажет. Бұл импортты алмастыруға, халықты тиімді жұмыспен қамтуға қосымша серпін береді. Шикізаттың емес экспорт мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл бағытты қолдау үшін 500 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген. Жаңа индустрияландыру қазіргі заман міндеттеріне сай келуі керек.

Үкімет экономикалық өсу қарқынын биыл кемінде 3,8 процент ал келешекте 5 процент деңгейге жеткізуді өзіне міндет етіп қояды. Қаржы ұйымы болса, алдағы 2 жылда инфляция деңгейін 4-6 пайыз арасында сақтауды көздеп отыр.

Мәди Тәкиев, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

– Инфляцияға бізде әсер ететін, қадағаланатын тауарлар құрамында өзімізде өндірілетін тауарлар бар. Бұл қарапайым заттар экономикасы жобаларымен келісіледі. Бөлінетін 600 млрд теңге инфляцияға әсер ететін тауар өндіруге де жұмсалады.

2015 жылдан бері елімізде индустрияландырудың екінші бесжылдығы іске асырылып келеді. 4 жылда жалпы сомасы шамамен 4,9 трлн теңге болатын 480 жоба іске қосылып, 44 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кәсіпорындар кеңейтіліп, жаңа өндіріс орындары ашылады. Мәселен, елімізде тағы бір жеңіл автокөлік шығаратын зауыт салынбақ. Машина жасауда автокөлік құралдары өндірісін 32 мыңнан 60 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Биыл Hyundai маркалы жеңіл автокөлік өндіретін зауыт құрылысын бастаймыз. «КАМАЗ» көпшілік акционерлік қоғамымен бірлескен өнеркәсіп құрылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіретін технологияларды беретін «Кировец» зауытымен одан әрі ынтымақтасу жоспарланған.

Биыл өңдеу өнеркәсібінің өсімін 104 процентке жеткізу көзделген. Бұл үшін өндіріс көлемін арттыру және жетекшілік ететін салаларда жұмыс орындарын сақтауға басымдық беріледі. Жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Хабар 24 телеарнасы