379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Грузия электроавтобус құрастыру жайында екіжақты келіссөз жүргізуде

  • 230
  • UPD: 23:11, 30.03.2019

Қазақстандық кәсіпкерлер Грузияда электроавтобус құрастыратын зауыт салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бірлескен жобаның маңызы зор. Себебі Грузия қазіргі таңда экологиялық таза көлік құралдарын дамытуға ден қойып отыр.

Тбилиси мэриясы қазір «Жасыл саясат – экокөлік» жобасын дайындап жатыр. Құжатқа сәйкес Грузия келесі жылы 200-ге жуық электравтобус сатып алмақшы. Бірақ қазақстандық кәсіпкерлер мұндай көлікті осы елде құрастыру туралы ұсыныс жасады. Инвесторлар жобаға миллиондаған доллар қаржы құюға дайын.

Давид Чичинадзе, Грузия парламентінің депутаты:

- Қазақстандық тарап жобаға 10 миллион доллар қаржы салуға әзір. Бірақ Грузия жыл сайын кем дегенде 100 автобус сатып алуы керек. Елдегі осы көлік түріне қажеттілікті ескерсек, бұл сан аса көп емес. Жобаның келешегі де зор. Себебі қазақстандық тарап 2 жылдан кейін өндіріс ошағын басқаруды Грузияға беруге әзір. 

Қазақстандық бизнесмендердің Грузияға инвестициясы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы ресми сапарынан кейін артты. Мемлекеттің өткен жылғы Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 150 миллион долларға жуықтаған.

Давид Чичинадзе, Грузия парламентінің депутаты:

- Қазақстан елшілігінің қолдауымен сауда қатынасы қарқынды дамып келеді. Мына ұсыныстар экономикалық байланыстың кеңеюіне септігін тигізетіні анық.

Грузиндік сарапшылар электроавтобусты құрастыру жобасы екі жаққа да тиімді екенін айтады. Бірақ Грузия бұл көлікті сатып алуы үшін бәсекелестікке қабілетті болуы тиіс деген пікірде.

Вахтанг Чарая, экономикалық мәселелер бойынша сарапшы:

- Қазіргі таңда Грузия электроавтобустарды шетелдерден сатып алуда. Сондықтан оның құны маңызды. Мысалы, неміс автобусы 100 мың доллар болып, Грузияда жасалатын көлік 150 мың доллар тұрса, бұл Грузия үшін тиімді деп ойламаймын. Сондықтан автобустың құны мен сапасына көп мән берілетін шығар.

Грузия үкіметінің қазіргі басым бағыттарының бірі – елдегі автобус паркін жаңарту. Тбилиси мэриясы алдағы бірнеше жылда табиғи газ және электрмен жүретін 700-ден астам автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы