383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет отырысында «қарапайым заттар экономикасын» дамытудың жаңа тетіктері мақұлданды

  • 125
  • UPD: 15:21, 28.05.2019
Үкімет отырысында «қарапайым заттар экономикасын» дамытудың жаңа тетіктері мақұлданды

Қазақстанда «қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша бизнесті несиелендіру шарттары жеңілдетіледі.

Бүгін ҚР Премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту және шикізаттық емес экспортты ілгерлету мәселесі қаралды.

Еске салайық, Мемлекет басшысының 2018 жылы 5 қазандағы Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында 600 млрд теңге қаржы бөлінген. 2018 жылы 11 желтоқсанда Үкіметтің Қаулысымен басымдықты жобаларды несиелендіру бағдарламасы қабылданды.

Премьер-министрдің Орынбасары Ж.Қасымбек осы Бағдарламаның іске асырылуына монторинг жүргізу және бизнесті белсене тарту мақсатында а.ж. 27 наурыздан бастап «Атамекен» ҰКП базасында мемлекеттік органдардың, өңірлердің және даму институттарының қатысуымен «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту жөніндегі Жобалық кеңсе жұмыс істейтінін айтты.

Жобалық кеңсе алаңында апта сайын өтетін отырыстар негізінде 300-ге жуық отырыс өткізілді, барлық өңірлерден 1000-нан астам әлеуетті кәсіпкер тындалды, бизнестің жүйелік проблемалары анықталып, Бағдарламаны жетілдіру жөніндегі кешенді ұсыныстар әзірленді, олардың бір бөлігі Үкімет қаулысымен қабылданды.

Осылайша, өзгерістердің бірінші жиынтығы а.ж. 4 мамырда №248 Үкімет Қаулысымен Бағдарламаға енгізілді, 17-ші мамырдан бастап қолданыста. Бұл кепілдік құралдарын енгізу, айналым қаражатын толықтыруды қаржыландыру мөлшерін 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайтуды және құс еті мен мақта талшығы сияқты бірқатар тауарларды қосуды қарастыратын түзетулер.

Аталған өзгерістер 270 млрд теңге сомасында 150 кәсіпорынға қолдау көрсетіп, 10 мыңнан аса жұмыс орнын құруға, бюджетке түскен салық көлемін 38 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жобалық кеңсе жұмысында барлығы 700 млрд теңге сомасына 900-ге жуық әлеуетті жоба қаралу үстінде. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер құны 25 млрд теңге болатын 41 жобаны мақұлдады, оған қоса 111 млрд теңгеге 126 жоба қарастырылуда.

Салалар бойынша тамақ өнеркәсібі, АӨК, жеңіл өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы жобалар бойынша бизнестің қызығушылығы жоғары.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта Жобалық кеңсе базасында бағдарламаға түзетулердің екінші жиынтығы әзірленуде, онда мемлекет субсидиялайтын бөлігін белгілей отырып, соңғы қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені төмендету ұсынылады. Бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін несие құнын арзандатуға мүмкіндік береді және бағдарламалар арасындағы арбитражды жояды.

Екінші түзетулер пакеті заем мерзімінің 1/3 бөлігінен аспайтын мөлшерде несие бойынша жеңілдетілген кезеңді енгізу (2 жыл 3 айдан аспайтын) және Бағдарлама аясында несиелендіру үшін жаңа тауарларды қамтуды қарастырады.

Ж.Қасымбек атап өткендей, несиелендіру бағдарламасын ойдағыдай іске асыру 2025 жылға қарай Бағдарлама шеңберінде несиелендірілген тауарлар бойынша импорт үлесін 59%-дан 37%-ға қарай төмендетуге, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық көлемін 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Отандық кәсіпорындарды қаржылық және қаржылық емес қолдауды күшейту мақсатында алдағы 3 жылда 500 млрд теңге, оның ішінде «Бәйтерек» холдингінің құралдары арқылы 470 млрд теңге бөлінетін болады. ҚДБ және Даму желісі бойынша экспортты қаржыландыру көлемі 3 жыл ішінде 300 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар Ж.Қасымбек мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша жүйелі шаралар әзірленгенін жеткізді: ағымдағы жылғы шілдеден бастап білікті жеткізушілер тізіліміне енгізілген өндірушілер арасында ғана «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын сатып алуды белгілейтін Қаржы министрлігінің бұйрығы қабылданды. Осы тізілімге енгізудегі жалғыз критерий — Индустриалдық сертификат болып табылады.

Қаржы министрлігі «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Құрылыс және жобалау бойынша үлгілік келісімшарттар әзірлегені айтылды, оған құрылыс материалдарын жобалау және сатып алу кезінде отандық құрылыс материалдарының тізілімін міндетті түрде пайдалану жөніндегі талаптар енгізілген. Ағымдағы жылдың маусым айында олар толығымен құқықтық базаға имплементацияланатын болады.

Биыл 5 наурызда бекітілген Жеңіл, тамақ және жиһаз өнеркәсібін, сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіруді дамыту жөніндегі жол карталарын орындау шеңберінде мемлекеттік органдар мен өңірлер үшін жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторлар (KPI) әзірленді. Биыл маусым айында олар бекітіліп, орындау үшін өңірлерге жіберілетін болады.

Отандық тауар өндірушілерден сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі Өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. «Қарапайым заттар экономикасы» тауарларына қатысты олардың мандаты кеңейтілді. Бұл комиссиялардың міндеті — сатып алу жоспары мен фактісіне, жергілікті қамту үлесіне бақылау жасау және мониторинг жүргізу және нәтижелер туралы Үкіметті апта сайын хабардар ету.

Хабар 24 телеарнасы