383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапониялық инвесторларды еліміздің транзиттік әлеуеті қызықтырады

  • 173
  • UPD: 15:27, 15.06.2019

Жапонияның белді кәсіпкерлері Қазақстанның инвестициялық әлеуетін зерттеп, нақты бизнес-жобаларды талқылауды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осы мақсатта олар қазақ еліне келіп, болашақ серіктестерімен кездеспек.

Жапония өткен жылы Қазақстан экономикасына 400 миллион доллардан астам инвестиция құйған. Оларды әсіресе шикізат саласы қызықтырып отыр. Бұл түсінікті де, Жапонияның өзінде пайдалы қазбалар жоқтың қасы. Дегенмен енді ірі корпорациялар тек кен өндіруге ғана емес, құны жоғары өнімдерді де шығаруға мүдделі.

Ерлан Баударбек-Қожатаев, Қазақстанның Жапониядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Елшілік өндірістік салаға инвестиция тартуға ерекше көңіл бөледі. Аталған жұмыстың шеңберінде осы айдың аяғында Showa Industries, Metal One, Metal One Steel Products сияқты жоғары технологиялық компаниялардың бизнес-миссиялары Қазақстанға жіберіледі. Осы компаниялардың басшылығы Нұр-Сұлтан, Алматы, және Атырау қалаларына сапар жасап, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін зерттейді.

Инвесторларды Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен қолайлы географиялық орналасуы қызықтырып отыр. Сонымен қатар технологияларымен бөлісуге дайын компаниялар үшін  артықшылықтар мен салық жеңілдіктері қарастырылған.

Нобуо Яги, Metal One компаниясының президенті:

- Біздің компанияларымыз құрыш пен металл бұйымдарын сатумен айналысады. Болат шығаратын серіктесіміз қазірдің өзінде Қазақстанда жұмыс істеп жүр және өндірісін кеңейтуге ниетті. Ал біз үшін Қазақстан – жаңа нарық. Сол себептен алдағы сапарымызда елдеріңіздегі инвестициялық ахуал туралы көбірек білуге мүдделіміз.

Әлем экономикасының бәсеңдеуіне қарамастан, елдеріміз арасындағы ынтымақтағымыз қарқынды дамып келеді. Мұны статистикалық көрсеткіштерден аңғаруға болады. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жеткен, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 54% артық. Сондай-ақ соңғы бес жылда қазақстандық экспорт көлемі екі есе өскен.

Айта кетер бір жайт, тарихымызда алғаш рет отандық компаниялар Жапонияға мақсары майы мен бал сата бастады.

Авторы: Айгерім Оразалиева

Хабар 24 телеарнасы