386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Түркияның іскерлік байланысы арта түспек

  • 256
  • UPD: 23:05, 01.08.2019

Қазақстан экологиялық ауылшаруашылық өнімдерін Түркияға экспорттауға ниетті. Сондай-ақ машина жасау, қара металлургия, фармацевтика және химия өнеркәсібі салалары бойынша туыстас елмен ынтымақтастықты арттырмақ.

Бұл туралы Ыстамбұлда өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық миссиясы жиынында белгілі болды. 

Қазақ-түрік іскерлік байланысы жандана түспек. Ыстамбұлда өткен жиында екі елдің кәсіпкерлері бас қосып, әріптестіктің көкжиегін кеңейту жайын талқылады. Шараға еліміздің сыртқы сауда палатасы, «Атамекен»  Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, индустрия және инфрақұрымдылық даму министрлігі ұйытқы болды. Қос елдің алыс-берісін арттыру үшін Түркияға 35 кәсіпкеріміз арнайы барды.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі:

- Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жаңа талаптар қойып отыр. Олардың бірі Қазақстанға инвестиция тарту және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Күн тәртібінде қазақ- түрік палаталарының алғашқы басқосуы бар. Жиналыстың жақсы нәтижелерімен аяқталатынына сенімдіміз.

Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 1,9 миллиард доллар болды. Ал биылғы қаңтар-сәуір аралығындағы алыс-беріс 944 миллион долларға жетті. Қос тарап көрсеткішті еселеуге ниетті. Оған толық мүмкіндік бар. Кәсіпкерлер осы мақсатта арнайы жоспар түзді.

Нұралы Бөкейханов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары:

- Екі ел компаниялары 20 шақты келісімге қол қойды. Бүгінгі келген компаниялардың салалары тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі және машина өңдеу. Түркиядан тек қана сауда компаниялары ғана емес, одан бөлек өндірістік компаниялар қатысты. Олар қазақстандық компаниялармен бірлесе үшінші елдің нарықтарына шығуға ұсыныс жасады.

Түркия инфрақұрылымы дамыған  транзиттік ел. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік.

Шыңғыс Мусин, кәсіпкер: 

- Екатеринбург қаласында алтын өңдеу өндіріс бойынша компания ашып, бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Тап осы тәжірибемді түрік елінде де қолдансам деген ниеттемін. Себебі алтын саласы бұл жерде жақсы дамыған. 

Хусейин Гүлмез, түрік кәсіпкері:

- 35 жылдан астам уақыттан бері тері өндірісімен айналысып келемін. Шамамен 50-ден астам елге теріден жасалған тауарлардың экспортын жасаймын. Бүгінгі таңға дейін Өзбекстанда 6 зауытты іске қостым. Келесі мақсатым, қазақстандық кәсіпкерлермен ынтымақтастық жасау. 

Тараптар бұл жиынмен шектелмей алдағы уақытта нақты әрекет етуге уағдаласты. Сан-салада берік байланыс орнатқан бауырлас елдер осылайша ынтымақтастықты жаңа сатыға көтеруді мықтап қолға алмақшы. 

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы