386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараздағы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт өнім көлемін арттырды

  • 133
  • UPD: 23:29, 19.08.2019

Тараздағы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт өнім көлемін еселеді. Қайта жаңғыртудан өткізу нәтижесінде кәсіпорынның жылдық қуаты 500 мың тоннаға дейін жетті.

Қазір өндіріс орны халықаралық нарықтағы бәсекелестікті арттыру бағытындағы жұмыстарға күш салып жатыр. Тың технологияны игеріп, өнім сапасына мықтап ден қою арқылы экспорттық әлеуетін нығайтпақ. 

Қайта жаңғыртылып іске қосылған аммофос тыңайтқышын шығаратын зауыт. Мұндай қажеттілік отандық өнімге сұраныстың көбеюінен туындаған. 8 миллиард теңге инвестиция тартылып, технологиясы толықтай автоматтандырылды. Есесіне еңбек өнімділігі артты. Кәсіпорынның жылдық қуаты 150 мыңнан 500 мың тоннаға дейін өсті.

Марат Жақсыбаев, минералды тыңғайтқыштар зауытының қызметкері:

- Пультте бір-ақ адам басқарып отыр. Өнімділігі күшейді. Соның арқасында тәулігіне бұрын 900 тонна шығатын болса қазір 1300 тонна шығып жатыр.

Қазір зауыт халықаралық нарықтағы бәсекелестікті арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Ол үшін өнім сапасына жіті көңіл бөлініп отыр. Бүгінде өндіріс орнынан шығатын отандық тауар әлемнің 33 мемлекетіне экспортталады.

Төлепбек Исаев, минералды тыңайтқыштар зауытының директоры:

- Шығаратын өнімнің 50 пайызынан  астамын шығарып қойдық. Жылдың аяғына дейін 500 мың тонна аммофос береміз деген үмітіміз бар. Бәсекелестікке бізбен бірге Ресейдің де зауыттары бар. Солардан қалып кетпес үшін ең бірінші істеліп жатқан жұмыстың бірі бұл технологияны дамыту. 

Нүрзия Лесбекова, кәсіпорын бас директорының орынбасары:

- 7 айда 2018 жылы бар-жоғы тыңайтқыштың экспорты 30 проценттен аспаған болса, биылғы жылы 7 айда 72 деген процентке жеттік.  

Болашақта зауыттың жылдық қуатын  1 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.  Бұл мақсатта қосымша тағы бір цех салынбақ. Бұл жұмыстарды 2022 жылға дейін жүзеге асыру жоспарда. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы