389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы: Инвестиция тарту үдерісін үзбеу қажет

  • 221
  • UPD: 18:30, 13.09.2019

«Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына 3,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға қазірдің өзінде дайын.

Себебі, капитал нарығында сауда қызып тұр. Әрі инвесторлардың белсенділігі жоғары. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орталыққа арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биржа жұмысы мен ағылшын құқығына сай қазақстандық мамандарды оқыту үдерісіне куә болды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығындағы салықтық жеңілдіктер 2066 жылға дейін жалғасады. Осының арқасында кез келген қазақстандық немесе шетелдік құнды қағаздар саудасына қатысып, табысын еселей алады. Осыдан бір жыл бұрын Тұңғыш Президент - Елбасы іске қосқан биржаға әлемнің 26 елінен 258 компания тіркелді. Елбасының айтуынша, бұл қысқа мерзімде жүзеге асқан ауқымды жоспар. Себебі, қаржы орталығындағы компаниялар ел экономикасына 3,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға бекініп отыр.

«Инвестиция тарту үдерісін үзбеу қажет. Сонда ғана жылына 7%-тік экономикалық өсімге қол жеткізуге болады», - деді Елбасы. Тағы бір мәселе – Әйтеке, Төле және Қазыбек би. «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен төрелік орталығы дегенде, енді осы тұлғалардың есімі бірінші аталуы тиіс. Себебі мұндағы төрелік айтатын орындарға сол ұлылардың есімі берілген. Әрі Англия мен Уэльстен білікті судьялар шақырылды. Бүгінде 9 судья және халықаралық 30 арбитраж бен медиатор инвесторлардың құқығын қорғаумен айналысады. Ал стратегиялық тұрғыда Шанхай, Настаг, Ұлы Жібек жолы биржаларымен және Голдман сакс инвестициялық банкімен серіктестік орнаған.

«Астана» ХҚО биржасының басқарма мүшесі (Шанхай):

Осы жерде 2 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Шанхай биржасы Астана биржасының қалыптасуына әрі сәтті қызмет етуіне ниетті. Себебі, «Бір белдеу, бір жол» саясатының Орталық Азиядағы негізгі хабына айналуы тиіс. Қытай құрылыс банкі әлемдегі ірі банктердің бірі екенін білесіздер. Сол құрылым осында өкілдігін ашты. Биржа ол үшін барлық жағдай жасады. Астана халықаралық қаржы орталығы Қазақстан мен Қытай экономикасының арасындағы көпірге айналады.

Астана халықаралық биржасы - елімізде кешенді түрде жүзеге асырылып келе жатқан жекешелендіру науқанының негізгі платформасы. Таяу арада «Самұрық-Қазына» қорының IPO-сы өтеді. «Астана» биржасына ресми түрде қазақстандық 16, халықаралық 5 брокер тіркелген. Оған 17 эмитент пен ITI Funds инвестициялық қорын қосыңыз.

Қайрат Келімбетов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Таяуда ғана Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Emirate ligal компаниясына лицензия бердік. Ол тізімдегі 250-ші компания болды. Сол арқылы Ұлт жоспарындағы 24-ші, 70-ші, 71-ші және 73-ші қадамдар төрелік орталығын құру, ағылшын құқығын енгізу, құқық жүйесін қалыптастыру және өзге қаржы орталықтарымен әріптестік орнату сынды міндеттер жүзеге асты. Енді Дубай тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық резиденттікті құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Заң жобасы Парламентке жолданды. Жалпы 100 қадам аясында халықаралық қаржы орталығын құрудың алғашқы кезеңі аяқталды.

Акциялар нарығындағы капитал көлемі 1,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл дегеніміз, еліміздің жалпы ішкі өніміне шаққанда 5,4%-ке тең көрсеткіш. Яғни, биржадағы құнды қағаздар саудасы қыза түсті деуге толық негіз бар. Күн сайын орташа есеппен 17 млн долларға келісімдер жасалады.

Тим Беннет, «Астана» ХҚО биржасының басқарма төрағасы:

Мен мұнда 18 ай бұрын келдім. Бастапқыда үрей мен күдік басым болды. Капитал нарығын құру оңай шаруа емес. Оңтүстік-шығыс Азияда, Жаңа Зеландияда жұмыс істедім. Нәтижесінде біз өте үлкен прогресс жасадық. Рекорд десем де, артық болмас. Осыдан біршама уақыт бұрын бізге Nasdaq биржасы 21 брокермен байланыс орнатуды ұсынды. Біз активтердің қауіпсіздігі басты назарда екенін айттық, сөйтіп келісім жасадық. Айтпақшы, биржада жұмыс істейтін 80 адамдық команданың 90%-і қазақстандық.

Ауқатты азаматтардың активтерін басқаруға арналған Private Banking жүйесі құрылды. Ал исламдық қаржыландыру тетігінің толыққанды қалыптасар күні алыс емес. Серіктестермен келіссөз жүріп жатыр. Блокчейн технологиясына келсек, пилоттық жобалар әзірлену үстінде. Қаржы орталығының соты мен биржасын автоматтандыруға қажетті төлем жүйелері де таяу арада дайын болады.

Владимир Ярош, «Wood and Company» компаниясының басқарма төрағасы:

Компаниямыздың Астана биржасымен серіктес болғанына қуаныштымыз. Біз Еуропадан келіп отырмыз. Сауда-саттығымыз тұрақты түрде жүргізіледі. Соңғы айда оның көлемі айтарлықтай ұлғайып келеді.

Айта кетейік, орталықта халықтық қаржыландыру жүйесі де қолжетімді болады. Енді оның қызметін сәтті жүзеге асыру қажет. Күн тәртібінде маман даярлау, әсіресе отандық кадрларды биржа жұмысына бейімдеу мәселесі тұр. Басқарушылардың айтуынша, тренинг орталығында осы күнге дейін 21 кәсіби бағдарлама бойынша 2 мыңнан астам маман оқытылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

Необходимо продолжать начатую работу по реализации плана приватизации именно через Биржу МФЦА. Конечно же, важно учитывать мировую конъюнктуру. Кроме того, следует укреплять доверие международных финансовых центров мира к МФЦА. От этого зависит объем привлекаемых средств в национальную экономику. Центру в дальнейшем предстоит серьезная работа. Важно продолжать выстроенное взаимодействие со всеми партнерами. Я лично буду постоянно поддерживать работу МФЦА.

Еске сала кетейік, Астана халықаралық қаржы орталығы жаһандық индексте соңғы бір жылда 10 саты жоғарылады. Әлемдегі 102 орталықтың ішінде 51-орында. Ал Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда көш бастап тұр. «Көрсеткіштерді саралай келе, жетістіктерге тоқмейілсімеу қажеттігін жеткізіп, қаржы орталығы ел экономикасының қозғаушы күші болуы тиіс», - деді Елбасы.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Хасен Омарқұлов

Хабар 24 телеарнасы