389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Киевте Қазақстан-Украина бизнес форумы өтті

  • 213
  • UPD: 17:44, 21.09.2019

Киевте Қазақстан мен Украина мемлекеттерінің бизнес форумы өтті. Екі елдің жүзден астам іскер топ өкілдері қатысқан форум барысында қос тараптың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, екі жақты ынтымақтастық пен оларды дамыту жолдары талқыланды.

Сөйтіп Украинада ұйымдастырылған бизнес форумның нәтижесі қандай? Мемлекеттер арасындағы экономикалық әріптестік қай деңгейде?  

Екі күн бойы екі елдің бизнес өкілдері 150 жуық B2B форматында кездесу өткізді. Қос тараптың іскер топ өкілдері - тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина құрастыру, фармацевтика, химия әрі электротехника саласының өнімдерін өзара алып сату бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Әлбетте іскерлік  байланыстың бастауы – екі ел арасындағы достық екенін еске салды елші.

Самат Ордабаев, Қазақстанның Украинадағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Қазақстан мен Украина арасында ешқандай саяси және экономикалық текетірес жоқ. Біз стратегиялық серіктес елдерміз. Жүзден астам мемлекетаралық келісім шарт жұмыс жасайды. Сондықтан біз сауда байланысын арттырып, ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз.

Құрамы 80 пайызға жаңарған Украина Парламенті қызметіне жақында кіріскені рас. Жаңа үкімет бағытын Еуропамен ынтымақтастыққа бұрғанымен Орталық Азияның көшбасшы елі – Қазақстанмен байланысын бекемдей түскенді жөн көреді.

Геннадий Чижиков, Украина сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті:

- Алдағы бес жылда Украина қазақ бизнесі үшін ең тартымды елге айналарына сенімдімін. Неге? Өйткені Украина Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуда. Қазақстан үшін Украина Еуропа нарығына шығатын көпір  іспеттес. Ал біз үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы елдермен байланыс орнатуға болатын тамаша алаң және Қытаймен ірі экономикалық серіктестік қатынас орнатқан ел. 

Форум аясында Қазақстанның инвестициялық әлеуеті әрі бизнесті біздің елде бастаудың басымдықтары көп айтылды. Дивидендтер өз алдына заңнама және салық саласындағы жеңілдіктер тағы бар. 

Сәкен Олжабаев, «Kazakhinvest» Ұлттық компаниясының өкілі:

- Инвесторларға инвестициялық  жеңілдіктер  ұсынылады. Атап айтқанда, корпоративті табыс салығынан, мүлік салығынан, қосымша құн салығынан босатылады. Инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Арнайы инвестициялық келісім шарт аясында Қазақстанның экономикалық және индустриялық аймағында қызмет етуге мүмкіндік беріледі. 

Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі 2018 жылы рекордық көрсеткішті жаңартты. Өткен жылы тікелей келісім арқылы тасымал көлемі 260 мың тоннаны құраған. Осылайша қазақстандық өнім Украинадағы авто-газ дағдарысын еңсеріп, баға саясатын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік беріп тұр. Украинада сұйытылған газға сұраныс жыл сайын артып келеді, сондықтан екі ел арасындағы газ сауда айналымының көлемі осы жылы да көбейе түспек.  2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларға жеткен. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Александар Кошарный

Хабар 24 телеарнасы