387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайлық тауар тиелген контейнерлер еліміз арқылы Чехияға бет алды

  • 228
  • UPD: 23:15, 18.10.2019

Қазақстанның теңіз порттары әлем елдеріне транзиттік жүктерін арзан әрі тезірек жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Қытай мен Орталық Азия елдері Ақтау порты арқылы Еуропа нарығына оңай шыға алады. Бүгін Қытайдан Чехияға бағыт алған алғашқы жүк пойызы Ақтау портына жетті. 42 контейнерге Сиань қаласында жасалған теледидарлар тиелген.

Қытайдың солтүстігінен шыққан мына контейнерлер тоғыз күнде Ақтауға жетті. Қазір теңіз портында фидерлік су көліктеріне тиеліп жатыр. Алпауыт кемелер Әзербайжан, Түркияға жеткен соң жүк теміржол арқылы Прагаға жеткізіледі.

Мартин Войтман, Ақтау теңіз портының коммерциялық директоры:

- Мына озық үлгідегі крандар арқылы біз сағатына 15 контейнерді өңдей аламыз. Қажет болған жағдайда бірден екі кранды жұмысқа қосамыз. Осылайша сағатына 30 контейнерді кемелерге тиеп беруге мүмкіндігіміз бар. Бұл халықаралық талаптар бойынша өте жақсы көрсеткіш.

Ұлттық компанияның транзит әлеуеті жыл санап өсіп келеді. Өткен тоғыз айда 467 мың контейнер шетел асқан. Бұл, өткен жылға қарағанда 31 процентке артық көрсеткіш. Биылғы жылдың соңына дейін бұл межені 825 мың контейнерге жеткізу жоспарда тұр. 

Павел Соколов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары:

- Біз бірінші кезекте тасымалдау жылдамдығын ұлғайтуға кірістік. Контейнерлік поездар үшін тәулігіне 1100-1300 шақырым белгіленген. Қазір осы мақсатымызға қол жеткізіп отырмыз. Бұл, өз кезегінде Каспий арқылы жүк асыру көлемін арттыруға ықпал етуде. Бүгінде еліміздің теміржол инфрақұрылымының тек 50 проценті транзит жөнелту жұмыстарына қолданылады.

Сарапшылар ендігі бес жылда транзит жүк жөнелту көлемі едәуір артатынын айтуда. Болжам бойынша 2024 жылға қарай контейнерлік жүк тасымалы 1 миллион 600 мыңға дейін жетуі мүмкін.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы