418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алдағы 3 жылда мемлекет әлеуметтік салаға 20 трлн теңге жұмсамақ

  • 567
  • UPD: 19:57, 23.10.2019

Алдағы 3 жылда мемлекет әлеуметтік салаға 20 трлн теңге жұмсайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Халықтың әл ауқатын жақсартуға бағытталған міндеттер 3 жылдық бюджетте нақтыланды.

Жалақы мен жәрдемақыны ұлғайту, тұрғын үй құрылысын жеделдету, өңірлік жобаларды жүзеге асыру, тізе-берсек көп. Маңызды құжат жобасын бүгін Мәжіліс мақұлдады. Отырыста алдағы бірнеше жылға арналған макроэкономикалық болжамдар да айтылды.

«ҚазАгро» холдингі «Бермуд үштағаны» іспеттес, бөлінген ақша нәтижесіз жұмсалып кетеді». Бүгін Мәжіліс төрағасы ауыл шаруашылығы құрылымының жұмысын осылай сынға алды. Алдағы 3 жылдық бюджет жобасы мақұлданған жиында «Қазагроның» тиімсіз қызметін ретке келтіру талап етілді. Олқылықтардың орны толмаса, бюджет қаржысы тағы желге ұшады деген сөз. Ұйымның бір жылдық шығыны 400 миллиард теңге екенін ескерсек, қазынаға бұл кәдімгідей салмақ.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі:

– Мәжілісте заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзету енгізілді. Бір парасы мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын өзгертуге бағытталған. Субвенциялар мен алып қоюлардың көлемі өзгертілді. Бұл – үш жылға шамамен 1,1 трлн теңге.

Ауылдарды таза ауызсумен қамту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен көлік инфрақұрылымын дамыту жайы да ескерілді. Депутаттардың ұсынысы бойынша 2020 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 3,8 триллион теңге бөлінеді. Яғни шығыстардың 29 проценті аймақтарды дамытуға жұмсалады. Бір анығы, түсім де, шығыс та ұлғаяды. Алдағы үш жылда мемлекет әлеуметтік блокқа 20 триллион теңге бағыттайды. Оның ішінде жалақыны арттыру, жәрдемақы төлеу, тұрғын үй құрылысын жаңғырту сынды міндеттер бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі:

– 3 жылдық кезеңде республикалық бюджеттегі әлеуметтік блоктың шығыстары 20 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2020 жылға 6 трлн теңге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 46,4 пайызы мөлшерінде. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 53,8 пайызды құрайды. Әлеуметтік шығыстардың негізгі үлесі әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмек көрсетуге келеді. Мәселен, 3 жылға осы бағытқа 11 трлн теңге жоспарланған, оның ішінде 2020 жылы – 3,4 трлн теңге.

Мәжіліс пен Үкімет ұлттық қордан бөлінетін трансферттер мәселесін де қарастырды. Сондай-ақ 2020-2024 жылдар аралығындағы әлеуметтік экономикалық даму болжамдарын талқылады.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 триллион теңгені, ал 2024 жылы 106 триллион теңгені құрайды. 2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4,0-6,0% деңгейінде сақталды. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3,0-5,0% шегінде болады. Макроэкономикалық болжамның негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлер болжамы әзірленді.

Макроэкономикалық болжамдардың бірі мұнай-газ саласына жасалып отыр. 2024 жылға қарай елімізде жыл сайын 100 млн тонна қара алтын өндірілуі тиіс. Сол арқылы бюджеттік түсімдер толыққанды қамтамасыз етілсе, игі. Бірақ шикізат саласына иек артуға болмайды. Өңдеу өнеркәсібін өрістету қажет. Осы мақсатта бюджеттен бөлінетін әрбір тиынның қайтарымы болуы тиіс дейді, депутаттар. Мәселен, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру үшін қомақты қаражат бөлініп отыр. Келер жылға – 88 млрд теңге.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Бүгін мақұлданған бюджет жобасында экономиканың нақты секторын қолдау, денсаулық сақтау, баспана, жұмыспен қамту, басқа да әлеуметтік мақсаттарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Н.Назарбаевтың маңызды бастамаларын, сонымен бірге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы бойынша басым бағыттарды одан әрі жалғастыру болып табылады. Ендігі міндет - осы қаражаттардың өз уақытында тиімді жұмсалуы. Осыған орай мемлекеттің әрбір тиыны Мәжіліс депутаттарының қатаң бақылауына алынады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бюджеттің әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыны едәуір артып отыр. Демек түсімдерді молайта түсу қажет. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин сыртқы тауар айналымы артатынын айтты. Еліміздің барлық мемлекетпен алыс-берісін есептесек, қазір 100 млрд долларға жуықтап қалды. Мақсат - дайын тауар өндіруді ұлғайту. Алдағы 6 жылда мұндай өнімдердің экспорты 32 млрд долларға жетеді деді, Премьер-министр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы