376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар: ЕАЭО-ға мүшелік Қазақстан экономикасының нығайюына оң әсер етеді

  • 329
  • UPD: 09:46, 20.12.2019

Мемлекеттер арасында тең дәрежедегі тауар айналым, көрсетілетін қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің көшу еркіндігі.

Бұл – халықаралық құқық ережелеріне негізделген өңірлік экономикалық ұйым.

Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ. Биыл оның құрылғанына 5 жыл. Осы аралықта одақ өз тиімділігін қалай дәлелдеді? Оған мүше мемлекеттердің алдында қандай қиындықтар бар?

Биылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы сауда айналымы 535,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның 338 миллиардтан астамы экспорт, ал 197 миллиарды импорттың үлесінде. Бес мемлекеттен құрылған одақ, осылайша, әлемге өзін бір ұйым ретінде танытып, үшінші тараппен алыс-берісті арттыратын келісімдер жасаса бастады. Биылдың өзінде Сербия, Сингапур, Иран елдерімен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойды. Бұл дегеніңіз, одақтың бес жылда біраз белесті артқа тастап, жетістіктерге қол жеткізе бастағанын көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, одақ толық қалыптасты. Өзіндік институттарын құрды. Яғни, экономикалық кеңес, комиссия және соты пайда болып, өзге де органдардың жалпы базасы жасалды. Ең бастысы, одақ іскерлік қатынасқа саясатты аралстырмай, тек экономикалық сипатын сақтай білді. Десе де, шешілмей келе жатқан кедергілер де жоқ емес.

Жұмабек Сарабеков, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:

- Бүгінгі таңда шешілмей келе жатқан басты мәселелердің бірі – ол ортақ нарықтағы кедергілер. Біз барлығымыз тарифтік барьерлерді жойдық, яғни, еркін сауданы қалаймыз деп мәлімдейміз. Бірақ іс жүзінде өзара саудада көптеген кедергілер мен барьерлер сақталып келуде. ЕАЭК есептеуінше, осы жылдың өзінде 71-ге жуық кедергілер бар. Ол ресми түрде мойындалған кедергілер. Одан бөлек тарифтік емес барерлер одан да асып түседі.

Кедергілердің көп екенін мына көрсеткіштерден де байқауға болады. Мәселен, 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі тауар айналымы 61,2 миллиард долларды құрады. Үш жылдан кейін 59,7 миллиардқа азайды. Ал биылғы тоғыз айда 44 миллиард АҚШ долларынан сәл-ақ асты. Өсу емес кемуді көріп отырмыз. Себеп не? «Себеп – одаққа мүше мемлекеттердің бір-біріне серіктес емес, бәсекелес деп қарауында», - дейді мамандар.

Уасиля Байқадамова, ҚР СІМ Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры:

- Одаққа мүше мемлекеттер өз өндірушілеріне қолайлы жағдай жасау үшін өзге елдің өнімдерін өткізуге барынша кедергі жасайды. Бірақ біз серіктес екенімізді естен шығармауымыз керек. Сондықтан күш-жігеріміз үшінші мемлекеттің өндірушілері мен тауарына қарсы жұмылдырғанымыз жөн. Ішкі нарықты қорғау үшін бірлескен механизмдерді іске қосуымыз керек.

Тауар айналымының кемуіне тек одақ ішілік емес, сыртқы факторлардың да әсері күшті. Мұндай пікірді экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов білдірді.

Вячеслав Додонов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:

- Одаққа мүше елдердің ішіндегі ірі нарық саналатын Ресей де, Қазақстан да негізінен шикізат экспорттаушылар. Яғни, бұл елдердің тауар айналымдағы көрсеткіштері әлемдік нарықтағы мұнай бағасына тікелей байланысты. Сондықтан мұнай бағасы жоғары болған кезде тауар айналымындағы көрсеткіштер де жоғары болды. Ал, баға түскенде сауда айналымы да азайды.

Енді Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан арасындағы алыс-беріске келсек. Биылғы 10 айда Қазақстанның одақ елдерімен сауда айналымы 16 миллиард 645 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3%-ке көп. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен жасаған жалпы сауданың 92%-і Ресеймен болған. Ал Қырғыз республикасымен 4%, Беларусьпен 3,6%, Армениямен 0,1%. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан сауда қатынастарында Еуразиялық экономикалық одақпен қатар әлем елдерімен де тығыз байланыс орнатқан.

Жұмабек Сарабеков, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:

Біз ЕАЭО емес әлемдік нарыққа ашықпыз. Тауарлардың белгілі бір бөлігі ЕАЭО-тың тарифтері бойынша емес, ДСҰ тарифтері бойынша бізге импортталады. Біз бұл жерде ЕАЭО ықпалын теңестіруге тырысудамыз. Бұл жерде Қазақстан қандай бір изолациялық экономикаға көшті деген сөз жоқ. Біз бұл жерде барынша әлемдік нарықтан алыстамауға тырысудамыз. ДСҰ-ға мүшелік ол үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

Сарапшылардың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік Қазақстан экономикасының нығайуына оң әсер етеді. Әсіресе, отандық тауарлардың экспортын арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы