loader


«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы Татарстан кәсіпорындарымен әріптестік орнатпақ

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы Нұр-Сұлтан қаласында «Машинажасау саласын дамыту бойынша әріптестік» форумын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Татарстанның өнеркәсіп және сауда министрлігімен әріптестік аясында өткен форум еліміздің энергетика министрлігі және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

КПО компаниясы ұйымдастырған машина жасаушылар форумының басты мақсаты – Татарстан кәсіпорындарымен әріптестік орната отырып, жаңа қазақстандық өндірісті өрістету. Шараға ірі мұнайгаз операторларының өкілдері мен еліміздің машина жасау кәсіпорындарының басшылары шақырылды.

Эдвин Блом, КПО Б.В. компаниясының бас директоры:

– КПО компаниясының өндірістік қуатты арттыру мен отандық өндірістегі бірқатар тауар түрлерін кеңейту бойынша ауқымды жоспарлары бар. Татарстан компанияларын Қазақстанға шақырудағы мақсатымыз оларды инвестициялық мүмкіндіктермен таныстыру. КПО мен өзге де операторлар қажетті тауарлар өндіру үшін Қазақстан мен Татарстан компаниялары арасында бірлескен кәсіпорындар құрудың маңызын түсіндіруді мақсат етеді.

Былтыр қазан айында батысқазақсандық делегация әріптестердің мұнайгаз өнеркәсібі саласында импорт алмастырудағы тәжірибесімен танысу үшін Татарстанда болған еді. Ал бұл жолы татарстандық делегация сапары аясында әріптестік туралы келісімге қол қойылды.   

Марат Кәрімов, КПО Б.В. компаниясы бас директорының орынбасары:

– Біздің компания соңғы жылдары жергілікті қамтуға үлкен көңіл бөліп, соңғы 3-4 жылдың ішінде бұрын шетелден алынатын 22 тауарды қазір Қазақстанда шығарылатын кәсіпорындардан алып отыр. Осындай серіктестік әріптестік арқасында біз осы көрсеткіштерімізді арттырамыз деген сенімдеміз.

Алексей Савельчев, Татарстан республикасы өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары:

– Қазақстан нарығына қазірдің өзінде әкелініп жатқан өндірістік қондырғыларды орналастыру мүмкіндігін қарастыру мақсатында бірқатар кәсіпорынмен таныстық. Сондықтан болар, форумға қатысқандар арасында Қазақстанның машина жасау компанияларының өкілдері өте көп. 

Бүгінгі таңда Қарашығанақта тауарлар мен қызмет бойынша жергілікті қамту үлесінің көлемі 70 процентке жетіп отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...