429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алмаға сұраныс бар, ұсыныс аз

  • 332
  • UPD: 12:26, 04.08.2020

Елімізде алма тапшы. Қазір шаруалар ішкі сұранысты 60 процентке ғана қамтып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыста алманың бағасы тағы 20 процентке қымбаттайды. Жыл басынан бергі өсім дәл осындай болған. Кәсіпкер Болатбек Әлиевтің айтуынша, еліміз әлі де импортқа тәуелді. Бірақ логистикалық кедергілер Батыс Еуропадан тасымалданатын өнім көлемін еселеп азайтты. Келген алманың бағасы аспандап тұр. Қырғыздың өнімі отандық жеміске бәсекелес емес. Десе де, елімізде алма өсірумен айналысатын шаруалардың жағдайы ауыр.  20 мың га-ға тарта аумақ игерілмей жатыр. Себебі мемлекеттің қазіргі қолдауы аздық етеді. Шығын шаш етектен. Кәсіпкердің айтуынша, елде сұраныс бар. Дегенмен, ішкі нарықты толық қамтуға қауқарымыз жетпейді. Жалпы, алманың бағасы бізде ғана емес, көрші Ресейде де қымбаттаған.

Жыл басынан бері еліміздегі жеміс-жидек 21,3% қымбаттады. Алма қанша тұрады? «Нарықтағы баға» айдарынан білейік.

Қарағандыда бір келі алманы 400 тг-ге алуға болады. Алматыда өнім бағасы 450 тг, Талдықорғанда алманың орташа бағасы 500 тг, Қызылордадан өнімді 600 тг-ге аласыз. Ал Ақтауда 50 тг-ге қымбат. Өскеменде алманың бағасы 700 тг-ден басталады.

Шоппинг-туризм дамып келеді

Хайнань провинциясындағы шоппинг-туризм үлесі 234,19% артты. ҚХР бас кеден басқармасының хабарлауынша салықсыз тауарлар дүкеніндегі сатып алу квотасының арттырылуы халықаралық меймандар қатарын еселеп жіберген. Өткен айда тауар көлемі тағы 7 категорияға арттырылды. Ал квота бойынша бір адамға 100 мың юаньға дейін сауда жасауға болады. Өткен айда аралға 280 мың турист келген. Түскен кіріс 317 млн доллардан асты. Қазір Хайнаньда 4 салықсыз сауда ошағы жұмыс істеп тұр. Жалпы Қытайдағы дьюти фри дүкендер желісі осыдан 9 жыл бұрын іске қосылған. Мақсат - халықаралық туризмді дамыту.

Акция нарығындағы ахуал қандай?

Тамызда акциялар нарығы тығырыққа тіреледі. VIX-тің құбылмалылық индексі орташа алғанда 11% артты. Бұл басқа айларға қарағанда көбірек көрсеткіш. Мамандар нарықтағы құбылмалылықтың артуы жағдайдың қиындағанына дәлел дейді. Соңғы 15 жылда S&P 500 индексі орташа алғанда 0,4 процентке азайды. Қазір АҚШ-тағы эпидахуал қиындап кетті. Ел конгресі жаңа қаржылық көмек қоржынын дайындай алмай отыр. Елдегі инвестициялық директорлардың бірі, Скотт Майнердтің айтуынша, қазір активтермен жұмыс істеу үлкен тәуекелмен тең. Себебі акция нарығы құлдырап кетуі ғажап емес.

Испанияның ЖІӨ шамамен 19% түсті

Еуропалық одақ экономикасы соңғы 50 жылда болмаған төмен нәтиже көрсетті. 19 мемлекеттің ЖІӨ-і – 12 процентке құлдыраған. Әсіресе, Испанияның жайы аянышты. Мұндағы көрсеткіш 18,5 процентке құлады. Бұған дейін мамандар елдегі ахуалдың 16 процентке төмендейтінін болжаған. Ал Италия бұрын-соңды болмаған 17,3 процентке жетіп отыр. Үштікті Франция түйіндейді. Мұндағы көрсеткіш 1968 жылға теңесті. Германияның ЖІӨ-і 12 процентке жеткен. Мамандардың есебінше, Чехия, Литва, Латвияның ахуалы анағұрлым жақсы.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы