428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстан Қазақстаннан алған ұнды Ауғанстанға сатып жатыр

  • 421
  • UPD: 13:24, 25.09.2020

Қазақстандық ұн өндірушілерінің арыз-шағымын Өзбекстанның монополияға қарсы комитеті қарауға дайын. Естеріңізде болса, көрші елдің пысықайлары өздері өндірген ұнның қаптарын қазақстандық брендпен таңбалап, ішкі нарықта саудалап жүр. Бұл біздің кәсіпкерлердің маңдайына тоқпақпен ұрғандай жайсыз тиді. 

Бунёдбек Шарипов – қазақстандық ұн өндіруші кәсіпорынның Өзбекстандағы өкілі. «Жергілікті диірмендерде біздің таңбаны заңсыз пайдаланып жүр» деп, бірінші болып байбалам салған осы жігіт. 

- Это который нас подделывал. Аккурган. Это их бренд. Местный. Вот они подделывают муку. «Дани нан», нашу «Уну» подделывали. 

- Вот Кустанайская мука. Это Тобол агро. А это Сарыарка. 

Бунёдбек Шарипов, Қазақстандық ұн өндіруші кәсіпорынның Өзбекстандағы өкілі:

- Бір қарағанда, мына екі қап бірдей секілді. Алайда екіншісі жалған. Мұқият қарасаңыз, мына жерде «25 келі» деген жазу үлкен қаріппен жазылған. Ал түпнұсқада кішкентай әріптермен таңбаланған. Жалпы суреттің көлемі де екі түрлі екені айдан анық көрініп тұр. 

Аққорған ауданындағы мына диірмен бір емес, бірнеше қазақ компаниясының тауарлық таңбасын пайдаланған екен.

Бунёдбек Шарипов, Қазақстандық ұн өндіруші кәсіпорынның Өзбекстандағы өкілі:

- Бұл қазақ брендтерінің атын жамылып ұн сатып жүрген зауыт. Күніне олар 50 тонна ұн шығарады. Бірақ ол үшін өзбекстандық бидай дәнін пайдаланады. Кейін қазақстандық қаптарға салады.

«Мына диірменді жергілікті мафия басқарады» дейді мұндағы тұрғындар. Бұл ұн тартатын қазақстандық кәсіпорындарға жығылған үстіне жұдырық болса керек. Өйткені мәселенің оң шешімі табылатыны неғайбыл. 

Бунёдбек Шарипов, Қазақстандық ұн өндіруші кәсіпорынның өзбекстандағы өкілі:

- Біз бұл жерге прокуратураны шақырдық. Артынша учаскелік полицей де келді. Айлакерлер айыппұлмен құтылып кетті. Алайда олардың өндірісі тоқтатылған жоқ. Қазір бұлар өз брендтерімен ұн шығарып жүрсе керек. 

Есесіне Өзбекстанның Монополияға қарсы комитеті қазақстандық ұн өндірушілердің арыз-шағымын қарауға дайын екенін жеткізді.

Джахонгир Убайдуллаев, Өзбекстан монополияға қарсы комитетінің бас маманы:

- Бүгінде Монополияға қарсы комитетіне Қазақстанның ұн өндірушілерінен зияткерлік меншік құқығын бұзушылыққа қатысты шағым келіп түскен жоқ. Дегенмен, біз олардың арызын қарауға әзірміз. Ол үшін қазақстандық кәсіпкерлер біздің комитеттің атына өтініш жазуы тиіс. 

Бүгінде көрші елде 30 шақты қазақстандық компанияның ұны сатылады. Отандық өнімге Өзбекстанда сұраныс жоғары. 

Дулат Аралов, наубайшы:

- Өзбекстан мен Қазақстанның ұндары арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қазақстанда өндірілетін өнімнің сапасы өте жоғары. Мысалы, жергілікті ұннан жасалған нан тандыр пешке жабыспай, түсіп кете береді. Ал сіздің елдің ұнынан пісірілген шелпегіміз қатып тұрады. Әрі жұмсақ һәм дәмді болып шыға келеді.

Өзбекстандық кәсіпкерлер әлемдік брендтердің де көшірмесін көп жасайды. Мәселен, базарларда белгілі шоколад, қуат беретін сусындар брендтерінің өзбекстандық нұсқаларын кездестіруге болады.

Жасын Біркенов, тілші:

- Тағы бір түртіп айтатын жайт. Қазір мұндағы пысықайлар бидайды Қазақстаннан сатып алып, артынша өз диірменінде ұн шығаратын болды. Өйткені Өзбекстанға ұн әкелу үшін 10 процент акциз төлеу керек болса, сары алтынға ондай талап жоқ. Бұл бір. Екіншіден, өзбекстандық кәсіпкерлер қазақ бидайынан жасалған ұнды Ауғанстанға экспорттап, осылайша ондағы нарықта қазақ ұн өндірушілерімен бәсекелестікті күшейтіп отыр. Есесіне біздің ұн тартатын кәсіпорындар Ауған еліне өнімін жеткізу үшін көрші ағайынға транзит үшін қомақты қаржы төлеуі тиіс. Мұндағы тариф әр тонна үшін шамамен 60 доллар.

Авторлар: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы