424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенат депутаттары алдағы 3 жылдық бюджеттің жобасын Мәжіліске қайтарды

  • 48
  • UPD: 21:39, 19.11.2020

Сенаторлар барлығы 39 өзгеріс енгізуді жөн көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, депутат Нұрлан Қылышбаев Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Үкімет шикізаттық емес табыс көздерін табуы тиіс. Сондай-ақ министрлер кабинеті бюджетті жоспарлағанда мұнай бағасының өзгеру мүмкіндігін ескерген жоқ деген сын пікірлер айтылды. Яғни елдің келешектегі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша болжамдар дұрыс жасалмай жатыр. Сенаторлар бюджет жоспарында коронавирус індетінің салдарынан өткізілмейтін шараларға қомақты қаражат қарастырылғанына қарсылық білдірді. Бюджеттік қаражаттың басым бөлігі халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс дейді депутаттар.

Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Биыл бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жайттар анықталды. Үкімет резервіндегі қаржы есебінен отандық өндірушілерден 1500 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Алайда 17 өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері соның 831-ін ғана қабылдап алған. Ал қалғандары толық жабдықталмаған болып шықты. Мысалы, Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде біреуі жұмыс істемей тұр. Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай жағдайларға жол беруге болмайды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Бюджетті қарау барысында алдағы 3 жылда азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге басымдық берілді. Соған сәйкес 2021 жылы бюджет шығындарының 50 процентінен астамы әлеуметтік салаға бағытталады. Президентіміздің тапсырмасымен экономикадағы қиындықтарға қарамастан, бюджетте барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға керекті қаржы қарастырылған. Еліміз үшін аса маңызды болып саналатын инфрақұрылымды дамыту, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру, ауыз сумен қамту мәселесі тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес айтарлықтай қаржы ШОБ қолдауға және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған баспана құрылысына бөлінеді.

Хабар 24 телеарнасы