426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Junior Eurovision 2020: қатысушылардың дайындығы қалай?

  • 79
  • UPD: 11:17, 09.09.2020

26 қыркүйек күні «Хабар» арнасының тікелей эфирінде «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауына жолдама алатын үміткер анықталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл гала-концертте ұлттық іріктеудің алдыңғы кезеңдерінен сүрінбей өткен 12 қатысушы бақ сынайды. Бірақ Польшада өтетін халықаралық ән байқауына тек бір орындаушы барады. Сондықтан ұлттық іріктеу әнші жастар үшін шешуші сәт болмақ. Бұл күндері әрбір қатысушы дайындықтарын пысықтауда.

9 сынып оқушысы Сәния Алтынбекқызы сабақтан соң қаладағы «Өнер мектебіне» қарай асығады. Сәнияның вокалдан кәсіби білім алып жүргеніне үш жылдай болыпты. Бұрындары аптасына үш рет сабақ алатын ол қазір вокал ұстазымен күніге кездеседі. Себебі байқаудың ұлттық іріктеу күні де жақындап келеді. Сәния Алтынбекқызы – «Junior Eurovision 2020» Халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуіне өтініш тастаған 700-ге жуық үміткердің ішінен озық шыққан 12 қатысушының бірі.

Зәмзия Қалиева, өнер мектебінің мұғалімі:

– Сәнияның өте әдемі, қоңыр терең дауысы бар. Және де ол әнді шын жүрекпен, терең оймен жеткізе алады. Соған мен сенімдімін.

26 қыркүйек күні өтетін ұлттық іріктеудің гала-концертінде финалға шыққан 12 қатысушы бір әннен шырқайды. Дәл сол туынды шешуші болмақ. Мұнда орындаушы өзінің вокалдық мүмкіндіктерін, актерлік шеберліктерін, дауыс техникасын көрсете алуы керек. Ал орындалатын әнді отандық композиторлар жазуда.

Сәния Алтынбекқызы, «Junior Eurovision 2020» ұлттық іріктеудің финалисі:

– Композиторлар бізге өте әдемі ән берді. Ол маған өте ұнайды және менің дауысыма жақсы келеді. Біз ұстазым екеуіміз сол әнді ойдағыдай шығару үшін күнде дайындаламыз. Әрине, мен жеңіске жеткім келеді. Себебі мен қазақ елін бүкіл әлемге паш еткім келеді.

29 қараша күні Варшава қаласында өтетін халықаралық байқауда Қазақстанның көк туын желбіретсем деген үміткердің бірі – Жан Маким. Ол да бала күннен ән айтқанды ұнатады. Тіпті бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған. Бірақ «Junior Eurovision» біздер үшін тың  жаңаша еуропалық форматтағы байқау дейді Жан.

Жан Маким, «Junior Eurovision 2020» ұлттық іріктеудің финалисі:

– Ұлттық іріктеудің финалына өткеніме қуаныштымын. Мұның өзі жетістік. Бірақ Польшада ән шырқап, елімді танытсам деймін. Қолымнан келеді деп ойлаймын.

Аталмыш байқауға Қазақстанның осымен үшінші мәрте қатысуы - «Хабар» Агенттігінің 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының қауымдасқан мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр.

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жақұпов, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы