420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Junior Eurovision 2020: финалистер гала-концертте өнер көрсетеді

  • 122
  • UPD: 22:59, 11.09.2020

Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауына баратын балалар іріктеліп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқауда бағымды сынаймын деген 700-ге жуық қатысушыдан 12 бала финалға өтті. Солардың арасынан тек ең талантты әрі талапты әнші ғана Польшада өтетін халықаралық байқауда өнер көрсетеді. Үлкен сахнада Қазақстанның атынан сынға түсуге ұмтылған жас үміткерлердің дайындығына тілшіміз де қатысты.

Махинур Тұрсынова – ұлттық іріктеудің үшінші кезеңіне өткен жас әнші. Махинур еліміз бойынша 9-14 жас аралығындағы 700-ге жуық қатысушының арасынан өз дарынымен дараланып шықты. Ұстазы Людмила Кимнен дәріс алып жүргеніне 7 жыл болған. Осы уақыт аралығында көптеген республикалық ән байқауында үздіктер қатарынан көрінді. 

Махинур Тұрсынова, Junior Eurovision 2020 байқауының ұлттық іріктеудегі финалисі:

– 9-сыныпты аяқтаған соң музыкалық колледжге оқуға түссем деймін. Болашақта эстрада жұлдызы болғым келеді. Бұл байқауда бәріне сәттілік тілеймін.

Адия Бұрханова 4 жасынан бері ән айтады. Қазір жасы 12-де. Пианиноны жетік меңгерген ол балалар арасындағы ән байқауларына үнемі қатысып келеді. Адия Түркияда өткен халықаралық эстрада өнері конкурсында топ жарды. Жас өрен – «Әнші балапан» бағдарламасының тұрақты жүргізушісі. Сонымен қатар өзге де жобалардың эфирге сәтті шығуана атсалысуда.

Адия Бұрханова, Junior Eurovision 2020 байқауының ұлттық іріктеудегі финалисі:

– Осы байқауда жеңсем, әлемдік аренада І орын алсам, келесі жылы Eurovision байқауы біздің елімізде өтеді. Менің ойымша, бұл өте керемет. Сонда бүкіл әлем Қазақстанға келеді. Бұл – еліміз үшін үлкен мүмкіндік.

Адияның өнердегі ұстазы – білікті педагог Әсия Туғанбаева. Ән айтудағы шеберлік дәрісінде әрбір үн мен дыбыстың таза әрі тұнық шығуына мән беретін ұстаз талапшыл. Ал байқауға жаңа ән жаздыртқан. Соны нақышына келтіріп орындау үшін көп жаттығу керек.

Әсия Туғанбаева, педагог:

– Авторлық әніміздің әуені әзір. Енді мәтінін аздап өзгерту керек. Кеше ғана музыкалық продюсермен сөйлестік. Іріктеу кезеңінен үздік шығуға бар қарым-қабілетіміз жеткілікті деп санаймын. Мақсатымыз – Польшаға бару.

12 жас өреннің қатысуымен өтетін ұлттық іріктеудің гала-концерті 26 қыркүйек күні «Хабар» арнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.

Үздік орындаушыны қазылар алқасымен бірге көрермендер де анықтайды. Ал ең үздік жас әнші қараша айының соңында Варшавада өтетін халықаралық ән байқауында ел атынан өнер көрсетеді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы