476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Junior Eurovision – 2021: байқаудың басталуына төрт күн қалды

  • 216
  • UPD: 22:49, 15.12.2021

Францияда өтетін Junior Eurovision - 2021 өнер сайысы санаулы күндерден соң басталады, деп хабарлайды Хабар 24.

Дәл қазір байқауға Қазақстан атынан қатысатын Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин алғаш рет Париж сахнасына шығып, дайындығын пысықтап жатыр. Мүмкіндігі шектеулі қазақстандық дарын иесі 19 рет өткізіліп жатқан Junior Eurovision байқауына қатысады. Француз ақпарат құралдары отандасымыз Бекнұр Жәнібекұлы туралы жарыса жазып жатыр. Журналистер Қазақстанның инклюзивтілікті қолдап, адам құқығын қорғаудағы батыл қадамдарын жоғары бағалайды. Мұндай саяси волюнтаризмді Еуропалық институттар, атап айтқанда Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы құптайды, делінген мақалада.

2020 жылы франциялық жас әнші Валентина 200 ұпай жинап, қазақстандық үміткерді басып озды. Бірақ бұл жылы да Қазақстанның және оның «ерекше» әншісінің оқ бойы озық шығатындығын зор сеніммен айтуға болады. Бекнұр Францияның Страсбург қаласында қазақстандықтардың отбасында дүниеге келген. Қазір тоғыз жаста. Ол өте сирек кездесетін фокомелия ауруына шалдығып, аяқ-қолы толық жетілмей туылған. Junior Eurovision байқауы тарихында бұл – мүмкіндігі шектеулі баланың бірінші рет қатысуы. Отбасылық аудиторияның назарын аударатын шоу биыл 30 миллионға жуық көрерменді теледидар алдында жинамақ.

Александра Редде-Амиэль, Junior Eurovision 2021 байқауының атқарушы продюсері:

– 19 елдің жас таланттары 19 байқауда өнер көрсетеді. Бұл – біздің бақытты санымыз, бұл – естен кетпейтін оқиғаға айналмақ. Біз бұл шоудың жоғары деңгейде өтуі үшін бар ынта-жігерімізді салдық.

Бекнұр Жәнібекұлымен қосылып, Әлинұр Хамзин де еліміздің намысын қорғайды. 11 жастағы Әлинұр Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тумасы. Қазір өнер мектебінде «Хор және фортепиано» мамандығы бойынша 4 сыныпта оқиды. Бірнеше байқаудың жеңімпазы. Қазақстан Junior Eurovision-де биыл 10 болып, байқаудың бел ортасында өнер көрсетеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жексенбіде «Хабар» арнасынан көрсетілетін финал көрерменді таң қалдырмай қоймайды. Тек сахнаның ұзындығы 20 метр, алып экрандардың ауданы 375 шаршы метрді құрамақ. Жеңімпаздар қазылар алқасының және интернет арқылы көрермендердің даусы арқылы анықталады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы