384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда жаңажылдық жолаушылар тасымалының маусымы басталды

  • 691
  • UPD: 18:38, 20.01.2017

Бұл күндері Қытайда жолаушы тасымалының маусымдық қарбалас шағы.

Елдің милиондаған тұрғыны 28 қаңтарда Көктем мерекесін немесе ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды қарсы алу үшін туып-өскен ауыл-аймағына аттанып жатыр. Сондықтан елдегі тасымал қызметтері 40 күндік күрделі жұмыс кестесіне көшті. Қазір бекеттерде қауіпсіздік шаралары күшейтіле бастады.

Нұрбек Бекен (Twitter @NurBekenov), «Хабар 24» арнасының Қытайдағы меншікті тілшісі:

- Қытай Жаңа жылындағы жолаушылар тасымалы «Чуньюнь» деп аталады. Бұл әлемдегі ең үлкен миграциялық құбылыс саналады. Мереке күндері Қытайда темір жол, автобекеттерде жолаушылар саны артады.  Себебі Көктем мерекесін әркім өз отбасымен бірге қарсы алуға асығады. Орталық шаһарлардан туған ауылдарына ағылған студенттердің, маусымдық жұмысшы-мигранттар мен үйінен шалғайда қызмет істейтін тұрғындардың саны көп. Сондықтан мереке қарсаңы мен одан кейінгі күндерге рейстер саны артты. Бейжің, Шанхай және Гуанчжоу бағыттарында ұзақ қашықтықта жүретін жүрдек пойыздар жолға шықты. Ал жолаушы тасымалына жауапты мекеме әлемдегі ең үлкен мерекелік көштің сәтті сапарын қамтамасыз етуге дайын екендерін мәлімдеді. Болжам бойынша алдағы 40 күн ішінде Қытайда 3 миллиардтай жолаушы тасымал қызметін пайдаланады.

Тянь Щинь, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Менің Хэбэй өлкесінен Бейжіңге келіп жұмыс істегеніме екі жылдай уақыт болды. Биыл үйге қайту үшін ертерек қамданып, билетті екі апта бұрын алдым. Әрине, бұл оңай болған жоқ. Себебі билетке талас күшті. Мен екі жылдай үйге бара алмадым. Осы жолы отбасыммен отырып көктем мерекесін тойлайтыныма қуаныштымын.

Жя Шы, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Чуньцзе – алыс-жақындағы отбасы мүшелерінің басын қосатын тамаша мереке. Туған-туыстарымды қатты сағындым. Бірақ биыл осы мерекені отбасыммен бірге тойлай алмаймын. Себебі жұмыстан шыға алмаймын. Мұнда достарым бар, мүмкін солармен бірге Жаңа жылды қарсы алатын шығармын.

Осы Чуньцзе Көктем мерекесіне орай саяхатқа шығуды жоспарлаған тұрғындар да жетерлік. Мемлекеттік туризм ісі бойынша басқарма мамандары 6 миллиондай Қытай азаматының шетелге шығатынын айтып отыр.

2017 жылы ресми мереке күндері 27 қаңтардан ақпанның 2-іне дейін созылады. Шығыс күнтізбесі бойынша «Алтын қораз» жылы келеді.

Авторлары: Н.Бекен, Ж.Сүй 

Хабар 24 телеарнасы