384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Brexit бойынша келіссөздер кестеден кешігіп жатыр

  • 362
  • UPD: 22:00, 11.11.2017

Еуроодақ пен Ұлыбритания өкілдері Brexit мәселесіне қатысты келіссөздер кестесінен кешігіп жатыр.

Өйткені келіссөздердің алтыншы кезеңінің қорытындысы бойынша ілгерілеу байқалмайды. Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында Еуроодақ өкілдері осындай мәлімдеме жасады. Тараптар тұрғындарға кепіл беру, Лондонның төлейтін қаржылай өтемақысы мен Ирландиямен арадағы шекара мәселесі бойынша бір мәмілеге келе алмаған. Сөйтіп оларды талқылау келесі айға қалып отыр. «Егер ол кезде де бітімге келмесек, Brexit мәселесінің уақытылы шешілуі екіталай», – дейді Еуроодақ өкілдері. Ал британдықтар болса, керісінше басқосу барысында азаматтар құқығын қорғау және қаржы жағдайына қатысты ілгерілеу байқалады деп отыр. Дегенмен Лондон мен Брюссель арасындағы диалогты тек алдағы екіжақты қарым-қатынастар талқыланғаннан кейін ғана аяқтауға болатыны да айтылды.

Мишель Барнье, Еуроодақтың Brexit бойынша келіссөздер жүргізетін бас өкілі: 

– Көп күшті қажет ететін мәселелер жетіп артылады. Мәселен, отбасы мүшелерінің қайта қауышуы, әлеуметтік кепілдерді сақтап қалу құқығы мен Ұлыбританияда Еуропалық сотты қолдану жағдайлары әлі қарастырылып жатыр. Біз Ұлыбритания өкілдерінен қандай да бір жеңілдіктер талап етпейміз. Өзіміз де оған жол бермейміз. Біз тек құқықтық негізде нақты дәлелдерге сүйене отырып, жұмыс істейміз.

Дэвид Дэвис, Ұлыбританияның Brexit істері бойынша министрі: 

– Келіссөздердің бұл кезеңінде ілгерілеу бар екенін нақты айта аламыз. Мәселен, Солтүстік Ирландия бойынша техникалық талқылаулар жүргіздік. Еуроодақтың желтоқсандағы саммитінде пікірталасты жалғастырамыз. Біз Еуроодақтың бірыңғай нарығы мен кедендік одақтың құқықтық жүйелерін сақтап қалу ұмтылысын құрметтейміз. Алайда оған Біріккен Корольдіктің заңды және экономикалық біртұтастығы есебінен қол жеткізу мүмкін емес. 

Хабар 24 телеарнасы