384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ сарапшылары: Азиядан келетін тауарлар экономикаға залал келтіреді

  • 594
  • UPD: 09:39, 20.02.2018

2018 жыл әлемнің екі алпауыты Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасындағы сауда қайшылығымен басталды.

Ақ үй басшылығы «Әуелі Америка» деп ішкі нарығын қорғау мақсатында нақты шаралар қолдана бастады. Қытайда шығарылатын күн панельдері мен оңтүстіккорейлік кір жуатын машиналарға салынатын баж салығын өсірді. Енді тауар бағасы бір жарым есеге қымбаттайтын түрі бар.

АҚШ-тың халықаралық сауда жөніндегі комиссиясы Азиядан келетін тауарлар экономикаға залал келтіреді деген қорытынды шығарды. Өйткені Қытай мен Оңтсүтік Кореядан келетін өнімдер америкалық баламасынан әлдақайда арзан тұрады. Мысалы, 2016 жылы Қытайдан тасымалданатын күн тақталары мен фотоэлементтердің көлемі 500 пайызға өсіп, бағасы 60 пайызға арзандаған. Соның кесірінен 30 америкалық фирма жұмысын тоқтатқан.

Томми Тань, «Shanghai Logistics» компаниясының президенті:

- Соңғы уақыттағы АҚШ-тың экономикалық саясаты xалықаралық сауда жүйесінің ұстанымдарына қайшы. Әрине, өз елінің ішкі өндірісін қорғау мақсатында шара қолданды. Десе де АҚШ-тың Қытайдан тасымалданатын күн батареяларына баж салығын көбейтуі екі елдің экономикалық қарым-қатынасын салқындатып алуы мүмкін. Негізі біз үшін Еуропа мен Орта Азия нарығы жеткілікті. Сондықтан АҚШ-тың бұл шешімі бізге әсер ете қоймайды.

АҚШ президенті Дональд Трамптың шешімі бойынша күн тақталарының импортына салынатын баж салығы 30 пайызға өсті. Шектеу шарасы 4 жылға дейін созылады. «Өз тауарын қолдап, өзгенікін салықпен басуды сауда протекционизмі дейді». Осылай деп жауап берген Қытай сыртқы істер минстрінің ресми өкілі Хуа Чуньин: «бұл ретте таяқтың екі ұшы бар. Сондықтан өзгеге емес, зиян өзіне де тиіп кетуі мүмкін», – деді.

Пэй Чанхун, саясаттанушы:

- АҚШ Қытай тауарларына тосқауыл қою үшін жыл сайын көптеген сылтау ойлап табады. Бүгінде екі елдің жылдық тауар айналымы 600 миллиард долларға жетіп қалды. Ал күн батареялары саудасының үлесі оның азғантай ғана бөлігін құрайды. Сондықтан АҚШ-тың осы тауарға баж салығын өсіруі сауда-экономикалық байланысқа соншалықты әсер ете қоймайды. Алайда бұл қытайлық компаниялар үшін үлкен сабақ болды.

Қытай сауда министрлігі АҚШ-тың әрекетіне наразылық танытып, алаңдаушылық білдірді. Ресми өкіл Гао Фэн: «Құрама Штаттан тиімді шаралар қабылдайды деп үміттенеміз, сауда қимылдарын теріс пайдаланбауын қалаймыз» деп мәлімдеме жасады. Былтыр Қытайдың ішкі нарығындағы тұтыну үлесі ЖІӨ 65 пайызын құрады. Бейжің билігі алдағы уақытта бұл көрсеткіш бойынша АҚШ-тың өзін басып озамыз, деп отыр.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы