382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейдегі президенттік сайлаудың алдын ала нәтижесі 19 наурызда белгілі болады

  • 922
  • UPD: 21:53, 18.03.2018

Ресейде Президент сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру Қиыр Шығыс пен Сібірде аяқталып та қойды. Ал елдің еуропалық бөлігінде әлі жалғасып жатыр. Соңғы болып Калининградтағы сайлау бөлімшесі жабылады. Дауыс беруді 100-ден астам елдің бір жарым мыңға жуық бақылаушысы қадағалап отыр. Ең өкілетті делегация Қазақстаннан барған. Отандастарымыз Ресейдің 23 өңірінде сайлауды бақылайды.

Бүгін түске дейін сайлау бөлімшелерінде белсенділік жоғары, адам қарасы қалың болды. Тіпті дауыс беруге келген Ресей Орталық сайлау комиссиясының басшысы Элла Памфилова 30 минуттай кезек күтті. Бұл жаңа жүйеге байланысты. Өйткені осы арқылы кез-келген ресейлік, бастапқы тіркелген бөлімшесінен басқасына оп-оңай ауыса алады.

БЛИЦ

- Мен бүгін шет елге ұшқалы жатырмын. Мұндай маңызды әрі тарихи оқиғаны өткізіп алмас үшін, міндетті түрде дауыс беремін.

- Дауыс беруге жұмыстан сұранып келдім. Басшылық та құп көріп, босатты.  

Бақылаушылар бөлімшелерді таңғы 7-ден жүр. Оның ішінде бір жарым мыңға жуығы шетелдіктер. Қазақстаннан барлығы 203 сарапшы барған. Жалпылай алғанда ең көп өкілеттілік те біздің елде. Барлығы да жан-жақты дайындалған мамандар. Олар ақпан айында Астанада өткен Парламентаризм мен азаматтардың дауыс беру құқығы институтының оқыту лекциясына қатысқан.

Берік Имашев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бізде мұндай тәжірибе бірінші рет болып отыр. Делегациямыздың құрамы үлкен болғандықтан, көптеген өңірлерді қамтыдық. Атап айтқанда Ресей Федерациясының 23 аймағы. Сарапшылардың арасында өзара қарым-қатынаста болу үшін арнайы штаб та құрдық. Астанадағы орталық та бізді қолдап отыр. Жалпы, сайлау өте жоғары әрі кәсіби деңгейде өтіп жатыр. Ешқандай ескертуіміз жоқ.

Эли Хатем, БҰҰ Бас хатшысының халықаралық істер жөніндегі бұрынғы кеңесшісі:

- Осындай аязға қарамастан, халықтың қарасы қалың. Таңғаларлық жайт. Бұл сайлау тек ел үшін ғана емес, әлем үшін де өте маңызды. Сол себепті бақылауымыз орынды деп ойлаймын. 

Президенттік сайлауға дауыс берушілердің қатысуы туралы алдын ала қорытындыны Орталық сайлау комиссиясы елдегі барлық бөлімшелер жабылғаннан кейін бір сағаттан соң жариялауды жоспарлап отыр. Ал сайлаудың алды ала нәтижесі 19 наурыздың таңертеңінде белгілі болады. 

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы