386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қолайсыз ауа райынан Грузия қомақты шығынға ұшырады

  • 509
  • UPD: 15:16, 15.08.2018

Грузия соңғы бірнеше ай бойы табиғи апаттан көз ашпай келеді. Су тасқыны белең алып тас құлап, дауыл, тіпті бұршақ жауды.

Ал жақында ғана селдеткен нөсер салдарынан Грузияның түрлі аудандарында жолдар мен көпірлер қирап, 250 отбасы зардап шекті. Алдын ала ақпар бойынша шығын көлемі 7 миллион доллардан асып кеткен. 

Жағалауда орналасқан Батуми және Кобулети қалаларының көшелері су астында қалды. Онда тек қайықпен немесе жүзіп қана қатынай аласыз. Тұрғын үйлердің бірінші қабаты мен дүкендерді де су басып қалған. Алдын ала мәліметтер бойынша бұл ауданда жүзден астам отбасы зардап шеккен.

Тина Сулаберидзе, Батуми қаласындағы дүкеннің иесі:

- Дүкеннің ішін су басып қалды. Ешкім көмекке келген жоқ. Барлығын өзім сыпырып, шамам жеткенше тазалап жатырмын. Көршілер де  қол ұшын беріп жатыр. 

Толассыз жауған жауынға су тарту жүйелерінің көмегі бола қоймаған тәрізді.

Лаша Комахидзе, Батуми қаласының мэрі:

- Біз апаттан келген залалды орнына келтіру үшін барлығын жасап жатырмыз. Қазір шығын көлемі есептелуде. Жауапты мамандардың айтуынша кәріз және мен су тарту жүйелері жұмыс істеп тұр. Жауын шамадан тыс  көлемде жауғандықтан олардың қауқары жетпегені анық.  

Маневур Агишев, Мәскеуден келген турист: 

- Теңізге демалуға келгенбіз. Жаңбыр тоқтамай жауып тұр. Кептеліс 3 шақырымға созылды. Қозғалу мүмкін емес. Коммуналдық қызметкерлер барлығын реттейді деп сенуден басқа амал жоқ. 

Тоқтамай жауған нөсер салдарынан жағалауда орналасқан Анаклия қаласы қатты зардап шекті. Үш күннен бері 13 отбасы жарықсыз отыр. Ондаған тұрғын үй, ірі қара малдар мен егін- су астында қалды. Ал, Кахети өңірінде 20 минут бойы жауған бұршақ егіннен түк  қалдырмады.

Ламара Миндиашвили, Кахети өңірінің тұрғыны:

- Еккен егістіктен түк қалмады. Бар күн-көрісіміз осы жүзім шаруасы еді. Бұршақ 3-4 минутта барлығының астан-кестенін шығарды.

Тау етектерінде көшкін жүріп, Душети өңірі қатты зардап шекті. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп әлек. Табиғи апаттан зардап шеккен елдің әр түкпірінде тазалау-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, синоптиктер  мұндай ауа-райы алдағы бір апта бойы сақталатындығын айтуда.

Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы