378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирия жөніндегі саммит Ыстамбұлда өтеді

  • 453
  • UPD: 11:21, 21.10.2018

Түркия, Ресей, Франция мен Германия басшылары бір аптадан кейін Ыстамбұлда өтетін төрттік саммитке қатысуға келісім берді.

Халықаралық жиында мемлекет басшылары Сирия мәселесінің түйінін тарқатып, Идлиб келісімін толық жүзеге асыруды көздейді.

Сирия жөніндегі төрттік саммит 27 қазан күні Ыстамбұлда өтеді. Бұл туралы Түркия Республикасы президентінің баспасөз хатшысы Ибрахим Калын мәлімдеді. Оған сәйкес, алқалы жиынға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Ресей президенті Владимир Путин, Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия Федеративтік Республикасының канцлері Ангела Меркель қатысады.

Ибрахим Калын, Түркия Республикасы президентінің баспасөз хатшысы:

- Саммитте тараптар арасындағы жағдайды реттеу, Идлиб келісімдерін жүзеге асыру, саяси үдеріс және Сирия жанжалының басқа да аспектілері бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестіру жоспарланып отыр.

Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Түркия, Ресей және Германия басшыларымен өтетін саммитке Сирияның Идлиб қаласына әскери шабуыл жасалмайтын жағдайда ғана қатысатынын мәлімдеді.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Франция Идлибде әскери шабуыл болмаған жағдайда ғана саммитке қатысады. Әйткен жағдайда саммиттің шарттарын жоқ деп есептейміз.

Айта кеткен жөн, саммитті өткізу туралы ұсынысты Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған жасаған. Оны Ресей президенті Владимир Путин қолдаған. Кейінірек қыркүйек айының ортасында Ыстамбұл қаласында Түркия, Ресей, Франция мен Германия басшыларының орынбасарлары бас қосып, халықаралық жиынның күн тәртібін пысықтаған еді.

Авторлары: Меруерт Памбетова, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы